
Әлемнің әр қиырында жүріп, ғылым жолына түскен отандас қазақ ғалымдарының басын қосқан «Отандас ғалымдар форумы» жақында Астанада өтті. Шараға 40-тан астам маман қатысып, Қазақстанның ғылыми-инновациялық бағытына өз үлесін қосуды мақсат етті. Солардың ішінде Моңғолиядан келген зерттеуші, жайылымдық мал шаруашылығын жаңғырту бағытында еңбек етіп жүрген Бәкей Ағыпар бар.
Дәстүр мен ғылым түйіскен тұс
Бәкей Ағыпар жайылымдық мал шаруашылығының табиғи үдерістерін терең зерделеп, оны заманауи әдістермен ұштастыруды көздеп келеді. Форумда ол дәстүрлі жайылым жүйесінің қазақ әрі моңғол халықтары үшін тек кәсіп қана емес, ұлттық болмыс пен мәдениеттің өзегі екенін атап өтті.
Қазақстандық академик Әбдірахман Омбаевтың деректерін келтіре отырып, Бәкей еліміздегі пайдаланылмай жатқан жайылымдар көлемінің 60 млн гектардан асатынын мәлімдеді. Бұл – елдің аграрлық саласын дамытуға таптырмас стратегиялық ресурс.
Алайда қазіргі уақытта жайылымдардың тозуы, климаттық өзгерістердің күшеюі, ғылыми деректердің жетіспеуі, ауыл шаруашылығындағы жастардың азаюы секілді бірқатар мәселе бар екенін де жасырмады. Оның айтуынша, бұл қиындықтарды ғылым мен технология арқылы шешуге болады.
Технологиялық серпіліске бастайтын ұсыныстар
Бәкей Ағыпар форумда жайылымдық жүйені жаңаша басқаруға мүмкіндік беретін нақты шешімдер ұсынды. Ол спутниктік мониторинг, ғарыштық бақылау және цифрлық картографияның артықшылықтарын айтып, осы технологияларды кеңінен енгізуді ұсынды.
Сонымен қатар, ол Қазақстан мен Моңғолия ғалымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін үш бағытты бөліп көрсетті. Олар — ортақ ғылыми деректер мен әдістемелер базасын құру, экологиялық таза ет-сүт өнімдерін өңдейтін шағын кластерлердің моделін бірге дайындау. Бұған қоса жайылымды басқарудың цифрлық жүйесін бірлесіп жетілдіру.
Ғалымның айтуынша, қазіргі заманда ғылыми интеграция – жайылымдық мал шаруашылығын жаңа деңгейге жеткізетін басты құрал.
«Екі ел ғалымдары бірігіп, ғылыми негізделген жүйе қалыптастырса, салада жаңа мүмкіндіктер ашылады», – дейді ол.
Болашаққа бағытталған көзқарас
Форум барысында Бәкей Ағыпар тек жайылым мәселесін емес, ауыл шаруашылығындағы жастардың белсенділігін арттыру жөніндегі пікірін де білдірді. Оның ойынша, ғылыми серпіліс ауыл экономикасын тартымды ете алады. Жас мамандарға жаңа технологияларды меңгеруге жағдай жасалса, жайылымдық мал шаруашылығы бәсекеге қабілетті салаға айналады.
Қазақстанда шексіз мүмкіндіктің бар екенін айтқан Бәкей Ағыпар елге ғылыми тәжірибесін бөлісу үшін арнайы келгенін жеткізді. Оның ұсыныстары мен зерттеулері отандық аграрлық саланың жаңаша дамуына тың серпін беруі мүмкін.



