Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар
Қазақстан метапневмовирус 30 адамнан анықталды
Фото: ДСМ
Қытайда жаңа адам метапневмовирусы тарады. Вирустық ауру жылдам тарап, салдарынан ауруханалар науқастарға лезде толған. Еліміздің денсаулық сақтау министрлігі де аталмыш вирус Қазақстанда да тіркелгенін жазды, деп хабарлады qandastar.kz
Қытайдың ауруларды бақылау және алдын алу басқармасының мәліметіне сенсек, 23-29 желтоқсан аралығында сол елдегі ауруханалардан тұмау белгілері бар науқастардан сынамалар алынған. Нәтижесінде тұмау вирусы, адам метапневмовирусы және риновирустың бары анықталған.
Сонымен қатар жедел респираторлық инфекциялар деңгейі арта түскен. Әсіресе, 14 жастан кіші балалар арасында метапневмовирустың жиілігі артқан. Аталған вирус солтүстік провинцияларда көп кездесіп жатыр.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі де бұл вирусқа қатысы ресми түсініктеме берді. Ведомство адам метапневмовирусы көп елде ондаған жылдар бойы таралған классикалық вирустың бірі екенін хабарлайды. Қазіргі уақытта бұл вирус Қазақстанды да айналып өтпеді.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті республика бойынша тұмауға жатпайтын вирустардың 8 360 үлгіні зерттеген. Нәтижесінде 1866-нан (22%) оң сынама анықталған.
«Ең көп таралған риновирус – 680 (36,4%), одан кейін РС вирусы – 433 (23,2%), аденовирус – 226 (12,1%), коронавирус – 206 (11,1%), паратұмау – 178 (9,5%), бокавирус – 113 (6,1%) және ең соңында метапневмовирус – 30 (1,6%)»,- деп хабарлады министрлік.
2024 жылғы 1 қазаннан бастап республикада ЖРВИ-дің 2 млн-нан астам және зертханалық расталған тұмаудың 940-тан астам жағдайы тіркелген.
Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі халықты профилактика шараларын сақтауға және адамдар көп шоығрланған жерлерде байланыстарды шектеуге шақырады. Бұл ескерту әсіресе созылмалы аурулары бар ең осал пациенттерге қатысты.
Алдын алу шаралары:
- адамдар көп жиналатын орындарға, әсіресе жабық үй-жайларға баруды шектеу;
- үй-жайларды үнемі желдету;
- қолды тазарту үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық майлықтарды қолдану;
- ауру адамдармен байланысын шектеу, олардың оқшаулануын қамтамасыз ету;
- тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру және ұйымдасқан ұжымдарға (мектепке дейінгі ұйымдарға, мектептерге) жібермеу;
- ауру белгілері пайда болған кезде дер кезінде медициналық көмекке жүгіну.