
Фото: Үкімет үйі
Қазақстанның болашағы технологиялық өрлеумен байланысты. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов Kazakhstan Energy Week – 2025 және XVI Еуразиялық KAZENERGY форумында айтты, деп хабарлайды qandastar.kz.
Үкімет басшысы атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып, өзін-өзі толық қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатта халықаралық әріптестермен бірлескен ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.
— Қазақстанның мұнай-газ секторы бүгінде экспорттық-шикізат үлгісінен жоғары технологиялық кластерге бет бұрды. Жалпы қуаты 500 мың тонна болатын полипропилен зауыты іске қосылды. Жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін жоба жүзеге асырылуда. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы ең ірі полимер өндіруші елге айналдырады, — деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ, бутадиен және карбамид өндірісіне қатысты жаңа жобалар қолға алынған. 2030 жылға дейін құны 15 млрд АҚШ долларынан асатын алты жоба іске асырылмақ. Бұл мұнай-газ химиясы өндірісін ұлғайтып, ондаған мың жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашады.
Премьер-Министр форумда Қазақстанның ашықтық пен технологиялық жаңғыру қағидаттарын берік ұстанатынын, сондай-ақ елдің шетелдік инвестициялар үшін тартымдылығын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасатынын атап өтті.