
Фото: ашық дереккөз
Қазақстан Ресейдің жаңа визалық шектеулеріне тап болды, деп жазды qandastar.kz
Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиевтің айтуынша, Ресей 2024 жылдың 8 тамызында енгізген 115-ФЗ заңындағы өзгерістер халықаралық автотасымалдау саласына үлкен кедергілер туғызды. Енді визасыз келетін елдердің азаматтары Ресей аумағында жылына 90 күннен артық бола алмайды.
Бұл норма Қазақстанның жүргізушілерінің жұмыс ерекшелігін ескермейді. Себебі олар Ресейге жеке мақсатпен емес, жұмыс бабымен, яғни жүк тасымалдау үшін барады. Жаңа талаптар жүргізушілерді заң бұзушы ретінде қарастыруға алып келеді.
Әлиевтің сөзінше, Ресей мен Беларусь аумақтарында болу уақыты біріктіріліп есептеледі, яғни Беларусь арқылы өтсе де, бұл Ресейдегі 90 күндік лимитке қосылады. Сонымен қатар, шекарада ұзын-сонар кезектер пайда болып, жүргізушілер бірнеше күн визалық рәсімдерді күтуге мәжбүр, бұл да жалпы шектеуге кіреді.
Осыған байланысты депутат ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Макашұлы Жұманғаринге ресми өтініш жасап, жағдайды бақылауға алу және тасымалдаушыларды қорғау шараларын қабылдауды сұрады. Сондай-ақ, мәселе Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктеріне жеткізілді.
Жаңа талаптар күшінде қалса, Қазақстандық тасымалдаушылар Ресей мен Беларусь арқылы жүктерін жеткізу мүмкіндігін жоғалтып, нарықтан ығыстырылуы ықтимал. Бұл Қазақстандағы тасымалдау қызметтеріне тапшылық пен шығынның өсуіне әкеледі.
Айта кетейік, Қазақстанда шетелдік жүргізушілерге жеңілдетілген тәртіп бар. 2012 жылғы үкімет қаулысына сәйкес, 90/180 күндік шектеу халықаралық және транзиттік тасымалдарға қолданылмайды.
Депутат бұл мәселені Еуразиялық экономикалық комиссия деңгейінде талқылап, мемлекеттер арасындағы келісімді қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Бұған дейін Көлік министрлігі Қазақстан–Ресей шекарасындағы кезектердің ұзақ болуын Ресейдің тексеру жұмыстарын күшейтуімен түсіндірген еді. Ресми мәліметтерге қарағанда, Ресей тарапынан құжаттарды, көліктерді, санитарлық және фитосанитарлық талаптарды қатаң бақылау күшейген.