БілімЖаңалықтар

Қазақстан шетел студенттері үшін білім орталығына айналуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты стратегиялық серіктестер форумында елімізде бүгінде 31 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатқанын атап өтті. Бұл — тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіш, деп жазды qandastar.kz

Президенттің айтуынша, 2029 жылға қарай шетел студенттерінің санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатта виза рәсімдеу тетіктері жеңілдетіліп, шетел азаматтарының жайлы білім алуына барлық жағдай жасалады. Сондай-ақ, үздік түлектердің Қазақстанда қалуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылады.

Қ.Тоқаев шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу инженерлік және IT салаларындағы кадрларды даярлауға айрықша серпін беретінін атап өтті. Мысалы, елімізде Қытайдың бастамасымен үш Лу Бань шеберханасы ашылған. Сонымен қатар, МИФИ университеті Қазақстанда ядролық энергетика мамандарын даярлауға атсалыспақ.

Президент сондай-ақ Қозыбаев университеті мен Аризона университеті арасындағы серіктестіктің нәтижесінде күкіртті инновациялық полимерге айналдыратын жаңа технология әзірленгенін мысалға келтірді. Бұл жоба еліміздің химия өнеркәсібі мен экологиясын дамытуға маңызды үлес қосады.

Бизнес те жоғары білім мен ғылым саласына белсенді қатысып келеді. Мәселен, бірқатар компаниялар Менделеев атындағы Ресей химия-технология университеті мен МГИМО-ның Астана филиалының ашылуына қаржы бөліп отыр. Алдағы уақытта тау-кен саласына маманданған университет ашу да жоспарланған.

Мемлекет басшысы мықты университеттерді «келешектің фабрикасы» деп атап, олардың ғылым мен экономиканы ұштастырып, жаңа идеялар мен инновациялардың ошағына айналатынын айтты.

Ғылымның ең басты миссиясы – адамзат игілігіне қызмет ету. Білім мен ғылым – бөліскен сайын көбейетін, ұлттың дамуына серпін беретін қуатты құрал, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елімізде дарынды жастардың көп екенін айтып, реформалардың табысты жүзеге асуына сенім білдірді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button