Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Усть-Луга қаласындағы уақытша жұмысшылар лагерінде болған жағдайға қатысты толық ақпарат берді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде Ленинград облысындағы жаппай төбелестің видеосы тарады. Видео авторының хабарлауынша, қақтығысқа Қазақстан азаматтары да қатысқан. Қазақстандық дипломаттар бұл жерде «тұрмыстық жанжал» болғанын растап, қатысушылар арасында Қазақстан азаматтарының бар екенін хабарлады.
Қақтығысқа қатысқандар ұсталып, тергеу шаралары жалғасып жатыр. Министрліктің мәліметінше, ешбір Қазақстан азаматы ауыр жарақат алмаған және ауруханаға жатқызуды қажет етпейді. Жергілікті жағдай тұрақты, барлық шаралар құзыретті органдардың бақылауында.
Санкт-Петербургтегі Қазақстан бас консулдығы оқиғаға дереу араласып, Ресей билігінің өкілдерімен тұрақты байланыста. Бас консул қазақстандық азаматтарға консулдық және құқықтық қолдау көрсету мақсатында оқиға орнына барды.
Ресей Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қақтығысқа қатысқан 31 адам полиция бөлімшесіне жеткізілген, олардың 16-сына әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айып тағылған. Тінту кезінде 29 пышақ пен ұялы телефон тәркіленген. Қылмыстық іс «Бұзақылық» және «Мүлікті қасақана жою» баптары бойынша қозғалған.
Еске салсақ, бұған дейін Ресейде қазақстандықтардың қатысуымен жаппай төбелес болып, оларды полиция алып кеткені хабарланған еді.



