
Қазақстанда ірі халықаралық жарыстарға баратын спорт делегацияларының құрамы енді нақты есеппен жасақталады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Туризм және спорт министрлігі спортшылармен бірге сапарға шығатын жаттықтырушылар, дәрігерлер, психологтар, штаб мүшелері мен басқа да мамандардың санын реттейтін жаңа норматив бекітті.
Бұған дейін делегация құрамын анықтаудың бірыңғай тәртібі болмаған. Яғни әр жарыс алдында спортшыларға қанша маман қажет екені жеке шешіліп келген.
Мәселе 2020 жылғы Токио Олимпиадасына дайындыққа бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізілген аудит кезінде көтерілген. Тексеру барысында делегация құрамындағы мамандардың санын анықтайтын нақты өлшемдердің болмағаны белгілі болды. Сондықтан іссапар шығындарының қаншалықты негізді екенін бағалау қиын болған.
Осыдан кейін Жоғары аудиторлық палата министрлікке спортшылар санына қарай делегациядағы мамандардың оңтайлы арақатынасын бекітуді тапсырды.
Енді бұл талап ресми түрде бекітілді. 2026 жылғы 8 шілдедегі министр бұйрығына сәйкес, Олимпиада, Азия ойындары және басқа да кешенді жарыстарға баратын делегация белгілі бір норматив бойынша жасақталады.
Жаңа тәртіпте спортшымен тікелей жұмыс істейтін жаттықтырушылар мен медицина мамандарына басымдық беріледі.
Министрлік бұл өзгеріс бюджет қаражатын алдын ала жоспарлауға, шығындарды бақылауға және негізсіз іссапарларға жұмсалатын қаржы тәуекелін азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.


