Жаңалықтар
Қазақстан суару кезеңінде Сырдария өзені арқылы шамамен 3,7 млрд текше метр су алады

Фото: ашық дереккөз
Қазақстан биыл суару кезеңінде Сырдария өзені арқылы шамамен 3,7 млрд текше метр су алады, деп жазды qandastar.kz
Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан мемлекеттеріндегі әріптестерімен осы жөнінде келісімге келді. Самарқандта Орталық Азияның Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының 89-шы отырысы өтті. Ал, «Достық» мемлекетаралық каналымен суару кезеңінде Қазақстанға 909 млн текше метр су келеді. Солтүстік Аралға 975 млн текше метр су жіберу жоспарланып отыр.
«Қазір біз тасқын суды өзен-көлдерге бағыттап, оны су қоймаларына жинап жатырмыз. Алайда, оңтүстік аймақтарға келетін болсақ, су дипломатиясы өте маңызды. Жазғы суару кезеңіне дайындық аясында біз былтырдан келіссөз жүргіздік. Сырдария өзені арқылы Қазақстанға келетін су Шардара қоймасынан жиналып, оңтүстік облыстардың шаруаларын қамтамасыз ету үшін пайдаланылады», — деді министр Нұржан Нұржігітов.