ЖаңалықтарҚаржы және төлемдер

Қазақстан табысынан да көп қаржы шығындамақ: Мәжіліс алдағы үш жылға арналған бюджетті мақұлдады

Фото: pixabay.com

30 қазанда мәжіліс 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекітіп, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңдарды қабылдады. Бұл туралы qandastar.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жобаға сәйкес кіріс 2025 жылы 15,6 триллион теңге, 2026 жылы 16,7 триллион теңге, 2027 жылы 18,2 триллион теңге болады деп болжанып жатыр. Шығындар сәйкесінше 25,8 триллион, 23,2 триллион және 24,6 триллион теңге болмақ. Бұл ретте Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттердің көлемі жылына 2 триллион теңге болды.

“Республикалық бюджет шығыстарының 68 пайыздан астамы Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында, ұлттық жобаларда, тұжырымдамаларда, даму жоспарларында және басқа да құжаттарда белгіленген стратегиялық мақсаттары мен нысаналы индикаторларын іске асыруға бағытталған”, – делінген хабарламада.

Заң жобалары жөніндегі жұмыс топтарының жетекшісі Еркін Әбіл өзінің қосымша баяндамасында бюджет жобасында тұтастай алғанда экономиканың тұрақты өсуі (орта есеппен жылына 5,4%) болжанып отырғанын атап өтті. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі (5,8%), құрылыс (9,3%), ақпарат және байланыс (9,5%) сияқты өсу қарқыны бар жекелеген салалар бар.

Бюджет жобасы мемлекеттiң барлық әлеуметтiк мiндеттемесінiң орындалуын, соның iшiнде мемлекеттiк қызметкерлердiң жалақысын, зейнетақы мен стипендияны кезең-кезеңiмен арттыруды қамтамасыз етедi.

Дегенмен мәжілісте екі фракция бюджет жобасын қолдамады. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан Асхат Рақымжанов ел мұнай мен металл бағасындағы өзгеріске тәуелді екенін айтты. Сөзінше, ғалымдар 45 жылдан кейін елдегі мұнайдың таусылатынын болжаған. Сондықтан фракция Ұлттық қордан қаржы алуға алаңдаушылық білдірді.

Ал “Ақ Жол” партиясының төрағасы Азат Перуашев жобаны қолдамайтынын айта келе, мұны бюджет саясатында өзгерістердің болмауымен байланыстырды. Сондай-ақ Ұлттық қордан қаржы алуға алаңдайтынын айтты.

Ал өзге фракциялар бірауыздан бюджет жобасын мақұлдады.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close