Қазақстан Таяу Шығыстағы тұрақсыз ахуалға байланысты өз азаматтарын эвакуациялау шараларын күшейтті. Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайтару рейстері күшейтілген режимде жүзеге асырылып жатыр, ал әуе компаниялары сұранысқа қарай қосымша рейстер ұйымдастыруда. Бұл туралы Qandastar.kz порталы NewTimes.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.
Бүгін FlyDubai әуе компаниясы Дубайдан Астана мен Алматыға екі рейс орындап, 306 азаматты елге жеткізді. Сонымен қатар Air Astana Сауд Арабиясынан бірнеше рейс ұйымдастыруда: Мединадан екі әуе кемесі (290 орын) және Джиддадан екі рейс (339 орын) ұшты.
SCAT компаниясы Алматы – Маскат – Алматы бағыты бойынша кең фюзеляжды Boeing-767 ұшағымен рейс дайындауда. Ұшу уақыты Астана уақыты бойынша сағат 19:00-ге жоспарланған.
Комитет өкілдері эвакуациялық рейстер қажет болғанша жалғасатынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта авиация органдары, Сыртқы істер министрлігі және тасымалдаушы компаниялар бірлесіп жұмыс істеп, қауіп аймағындағы барлық ниет білдірген қазақстандықтарды елге қайтаруға күш салуда.
Таяу Шығыс елдерінде жүрген азаматтар үшін тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталықтар мен әуе компанияларының, сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктердің байланыс нөмірлері ашылды. Ресми органдар азаматтарға тек ресми ақпаратқа сүйеніп, консулдықтармен байланыста болуға кеңес береді.
Еске салайық, бүгін Таяу Шығыста жүрген қазақстандықтарды тасымалдаған алғашқы эвакуациялық рейстер Астана мен Алматы әуежайларына келіп қонды. FlyDubai компаниясы Дубайдан екі арнайы рейс орындап, 306 жолаушыны елге жеткізген еді.



