Басты жаңалықтар

Қазақстан Үкіметі халықаралық қаржы ұйымдарымен әріптестікті жаңа деңгейге көтереді

Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің халықаралық қаржы ұйымдарымен (МҚҰ) өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Дүниежүзілік банк, Халықаралық қаржы корпорациясы, Азия даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкі және Ислам даму банкінің өкілдері қатысты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кеңеске Премьер-министр төрағалық етті. Кеңес құрамына ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ерболат Досаев пен ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев кірді, деп хабарлайды QANDASTAR порталы.

Отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов халықаралық қаржы институттарының құрылымдық реформаларды ілгерілетудегі және сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.

«Үйлестіру кеңесінің жұмысы мен МҚҰ-мен өзара іс-қимыл тетіктерін жаңарту – Президенттің тікелей тапсырмасы. Біз беделді институттармен бірлесіп көптеген сәтті жобалар жүзеге асырдық. Әлі де бірге атқарар жұмысымыз көп екеніне сенімдімін. Ел әлеуеті жоғары, оны іске асыруда сіздердің қолдауларыңыз маңызды», — деді Премьер-министр.

Кеңесте ел экономикасына мультипликативті әсер беретін жобаларға халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуын күшейту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін жетілдіру, өңірлердің қаржы тарту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қаралды. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымын дамыту, микро, шағын және орта бизнесті қолдау бағыттарында МҚҰ-мен жаңа жобалар ұсынылды.

МЖӘ саласындағы өзгерістер талқыланып, жаңа редакциядағы заң жобаларды жоспарлау мен іске асыруды жеңілдетуге бағытталғаны атап өтілді. ХҚК-мен бірге энергетика, денсаулық сақтау, білім беру, сумен жабдықтау және көлік бағыттарында 7 ірі жоба іске асырылып жатыр. Елде жалпы сомасы 2,7 трлн теңгеден асатын 1100-ден астам МЖӘ келісімі жасалған.

МҚҰ өкілдері заңнаманы жетілдіру, жобаларды конкурстық іріктеу, инвестициялық тартылымдылықты арттыру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Азия даму банкінің өкілдері МЖӘ жобаларының пулын нақты анықтау инвесторлар үшін маңызды екенін айтты. ЕҚДБ өкілдері валюталық тәуекелдер, әкімшілік кедергілер және инфрақұрылымдық жобаларға МЖӘ тетігін қолдану мәселелерін көтерді.

Үкіметтің өңірлердің қаржылық дербестігін арттыру бағытындағы жұмысы да талқыланды. Бюджет кодексіндегі өзгерістер жергілікті бюджеттердің өкілеттігін кеңейтеді. Алматы қаласы халықаралық қаржы институттарынан тікелей қарыз ала алатын өңір ретінде көрсетілді, оның кредиттік рейтингі де сыртқы қаржы тартуға қолайлы жағдай жасайды.

Әріптестік аясында ТКШ, энергетика, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект салаларында жаңа жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қаралды. Сонымен бірге транзиттік әлеуетті күшейту, ШОБ-ты жеңіл мөлшерлемемен қаржыландыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері де талқыланды.

Премьер-министр халықаралық қаржы институттарымен тиімді жұмыс істеу Үкімет үшін басымдық екенін баса айтты. Отырыс қорытындысында мемлекеттік органдарға қаржы ұйымдарынан алынатын қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылауды күшейту тапсырылды. Сонымен қатар айтылған ұсыныстар мен бастамаларды іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілетін болды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button