2026 жылғы 22 наурыз сағат 08:30-дегі мәлімет бойынша, еліміздің бірқатар өңірлерінде ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеулер енгізілді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Kazinform.kz порталына сілтеме жасап хабарлады.
Ақмола облысында:
– «Астана — Атбасар — Жақсы — Рузаевка — Сарыкөл — Қостанай — РФ шекарасы» тас жолының 346–407 шақырым аралығында (Жақсы кентінен Солтүстік Қазақстан облысының шекарасына дейін) қозғалыс тоқтатылды.
Солтүстік Қазақстан облысында:
– Аталған автожолдың 407–429 шақырым бөлігінде (Ақмола облысы шекарасынан Чистополье ауылына дейін);
– «Тимирязево — Сарыкөл — Қостанай облысының шекарасы» жолының 0–30 шақырымында (Тимирязево ауылынан Қостанай облысының шекарасына дейін) көлік қозғалысына шектеу қойылды.
Павлодар облысында:
– «Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолындағы «Қалқаман» жолайрығында (Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығатын тұс) қозғалыс уақытша шектелді.
Шығыс Қазақстан облысында:
– Осинов асуында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысына уақытша тыйым салынды. Бұл шектеу «Өскемен — Алтай — Катонқарағай — Рахман қайнары» жолының 46–66 шақырым аралығында (Северное ауылы мен Серебрянск қаласы арасында) қысқы маусым аяқталғанша жалғасады.
Айта кетейік, синоптиктер бұған дейін 22 наурызға арналған ауа райына байланысты Қазақстанның 13 өңірі мен Астана қаласында ескерту жариялаған.



