Әлеумет және қоғам

Қазақстанда 10,4 миллионнан астам әйел тұрады – Ұлттық статистика бюросы

Ұлттық статистика бюросы 8 наурыз қарсаңында Қазақстандағы әйелдер туралы статистикалық деректерді жариялады. Мәліметке сәйкес, елімізде 10,4 миллионнан астам әйел бар, олардың орташа жасы 34,1 жас, ал өмір сүру ұзақтығы 79,4 жылды құрайды.

Ұлттық статистика бюросы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстандағы әйелдердің саны мен әлеуметтік көрсеткіштеріне қатысты деректерді жариялады.

Бюро мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта елімізде 10 488 074 әйел тұрады.

Жас құрылымы бойынша әйелдердің 29,1 пайызы – 0–15 жас аралығындағылар, 55,5 пайызы – 16–60 жас аралығындағылар, ал 15,4 пайызы – 61 жастан асқан азаматтар.

Әйелдердің ең көп бөлігі Алматы қаласында – шамамен 1,2 миллион. Сонымен қатар Түркістан облысында – 1 миллион, Астана қаласында – 803,5 мың, ал Алматы облысында – 778,5 мың әйел тұрады.

Қазақстандағы әйелдердің орташа жасы – 34,1 жас. Ал өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 79,4 жылды құрайды.

Еңбек нарығына қатысты деректерге сүйенсек, жұмыспен қамтылған халықтың 48 пайызы немесе шамамен 4,4 миллионы – әйелдер. Жалдамалы қызметкерлер арасында олардың үлесі 50 пайыз болса, өз бетінше жұмыспен айналысатындардың ішінде 45 пайызды құрайды.

Салалар бойынша қарастырғанда, жұмыс істейтін әйелдердің басым бөлігі білім беру саласында – 20 пайыз. Сауда саласында – 19 пайыз, ал денсаулық сақтау жүйесінде – 10 пайыз еңбек етеді.

Сонымен қатар жеке кәсіпкерлердің 50,8 пайызы – әйелдер.

Жұмыс істейтін әйелдердің ішінде ең көп үлесті 35–44 жас аралығындағы азаматтар құрайды. Бұл санаттағы әйелдердің саны шамамен 1,3 миллион адам.

АҚПАРАТ NUR.KZ САЙТЫНАН АЛЫНҒАН.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button