Әлеумет және қоғам

Қазақстанда 2,2 млрд долларлық жел және күн электр стансалары салынады

Елдің үш өңірінде 1,8 ГВт қуатты жел және күн электр стансалары іске қосылады. Жоба 5,7 млрд кВт-сағат жасыл энергия өндіріп, көмірқышқыл газы көлемін азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында ауқымды жоба қолға алынбақ. Елдің үш өңірінде қуатты жел және күн электр стансаларын салу жоспарланған. Инвестиция көлемі шамамен 2,2 млрд долларды құрайды деп хабарлайды qandastar.kz сайты qazaqstan.kz порталына сілтеп.

Сенат отырысында Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы «Жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыру» туралы келісім ратификацияланды. Бұл құжат екі елдің энергетика саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған.

Жоспарланған нысандардың жалпы қуаты 1,8 гигаваттқа жетеді. Сонымен бірге электр жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін заманауи энергия сақтау технологиялары енгізіледі.

Жобалар толық іске қосылған жағдайда, жылына 5,7 млрд кВт-сағаттан астам экологиялық таза электр энергиясы өндіріледі деп күтілуде. Бұл көмірқышқыл газы шығарындыларын шамамен 4,5 млн тоннаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Осылайша, аталған бастама Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшу үдерісін жеделдетіп, климаттық міндеттемелерін орындауға елеулі үлес қоспақ.

Back to top button