Әлеумет және қоғам

Қазақстанда 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту кешенді жоспары бекітілді

Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жоспарын бекітті. Жоспар мал басын арттыруға, өндірісті ұлғайтуға және саланы қолдауға бағытталған. Сонымен қатар жеңілдетілген қаржыландыру, жайылымдарды кеңейту және экспорт көлемін өсіру шаралары қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 29 қаңтардағы қаулысымен 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Құжатта мал шаруашылығы елдегі ауыл шаруашылығының дәстүрлі әрі маңызды саласы екені атап өтілген. Қазіргі таңда бұл сала ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің шамамен 40%-ын құрайды. Соңғы жылдары өндіріс көлемі мен мал басының 2–3% шамасында тұрақты өсімі байқалуда. Zakon.kz сайтындағы мәліметке qandastar.kz сайты сілтеме жасады.

Алайда қазіргі өсу қарқыны экспорттық әлеуетті толық пайдалануға мүмкіндік бермейді. Ел мал шаруашылығы өнімдерінің кейбір түрлері, соның ішінде құс еті, ірімшік, сүзбе және шұжық өнімдері бойынша импортқа тәуелді болып отыр.

Қазіргі уақытта мал шаруашылығы 11 кіші салаға бөлінеді: ет және сүт шаруашылығы, қой, ешкі, жылқы, түйе, құс, шошқа, марал, ара және қоян шаруашылығы.

Жоспар аясында мынадай шаралар қарастырылған:

  • асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру;

  • жем-шөп дайындау техникасын жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген қаржыландыру;

  • жем-шөп дақылдарының егістік алқаптарын кеңейту;

  • жаңа жайылым жерлерін айналымға енгізу;

  • шопан мен малшы мамандықтарын зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстар тізбесіне енгізу;

  • зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін шопандардың жеңілдікті еңбек өтілін есептеу;

  • аталған мамандықтар үшін жұмыс орындарын субсидиялау.

Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде:

  • ірі қара мал санын 7,9 млн-нан 12 млн басқа дейін;

  • ұсақ малды 20,2 млн-нан 28 млн басқа дейін;

  • жылқы санын 4,8 млн-нан 7 млн басқа дейін арттыру көзделген.

Сондай-ақ ет өндірісін 1,2 млн тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін, сүт өндірісін 1,4 млн тоннадан 2,1 млн тоннаға дейін ұлғайту және ет экспорты көлемін 82 мың тоннадан 165 мың тоннаға дейін екі есеге арттыру жоспарланған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button