
Фото: Halyq uni
Қазақстанда 300-ден астам мұғалім балаларды оқытпай, жалақы алған, деп жазды qandastar.kz
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында инклюзивті білім беру саласындағы заңбұзушылықтар анықталды. Аудан прокуратурасының мәліметінше, 311 педагог жалған мәлімет негізінде еңбекақы алып келген.
Тексеру барысында белгілі болғандай, аудандағы 23 мектептің мұғалімдері ерекше білім беруді қажет ететін 64 оқушыны үйден оқытуы тиіс болған. Алайда балалардың басым бөлігі түрлі медициналық себептермен ұзақ уақыт бойы ауруханаларда ем қабылдап, нақты сабақ алмаған.
«Соған қарамастан, мұғалімдерге сабақ өткізгені үшін жалақы төленген. Мысалы, №16 мектептің бір оқушысы жыл бойы емдеуде болғанына қарамастан, оған сабақ бергені үшін мұғалімдерге 319 101 теңге төленген», – делінген прокуратура хабарламасында.
Жалпы заңсыз төлем сомасы 4,2 миллион теңгеден асқан. Аталған қаражат мемлекет бюджетіне қайтарылды. Сонымен қатар, білім саласының 311 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.