
Қазақстанда әйел курьерлерге арналған жаңа әлеуметтік жоба іске қосылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бастама қиын өмірлік жағдайға тап болған қызметкерлерге нақты көмек көрсетуге бағытталған.
Жобаны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Yandex Qazaqstan компаниялар тобы және «Іскер» қолдау орталығы бірлесіп жүзеге асырады.
Қолдау әр қатысушыға жеке көрсетіледі. Яғни көмек түрі әйелдің тұрмыстық жағдайына, отбасының қажеттілігіне және жобаның талаптарына қарай анықталады. Құқықтық, психологиялық және гуманитарлық қолдау көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
«Іскер» қолдау орталығының директоры Толқын Саметова әр отбасының жағдайын жеке бағалаудың маңызды екенін атап өтті.
«Жоба аясында әр қатысушымен жеке жұмыс істеп, оның қажеттілігіне қарай қандай қолдау қажет екенін анықтауды жоспарлап отырмыз. Қордың құқықтық, психологиялық және гуманитарлық көмек көрсету тәжірибесі әйелдер мен олардың отбасыларына нақты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Жобаға Yandex Go қосымшасындағы «Тамақ», Lavka және «Жеткізу» сервистері арқылы тапсырыс орындайтын әйелдер қатыса алады. Негізгі талаптардың бірі – аталған сервистерде кемінде төрт апта жұмыс істеу.
Өтініштерді қарау кезінде әлеуметтік қолдауды көбірек қажет ететін әйелдерге басымдық беріледі. Атап айтқанда, балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған және көпбалалы аналар, мүгедектігі бар адамдар, ерекше қажеттілігі бар баласына күтім жасайтын аналар және ауыр науқас туысына қарайтын әйелдер қамтылады.
Қатысу талаптары мен өтініш беру тәртібі Yandex Pro қосымшасындағы «Ынтымақтастық туралы негізгі ақпарат» бөлімінде жарияланған «Әйел курьерлерге көмек» материалында көрсетілген. Қосымша ақпаратты сервистің қолдау қызметінен де алуға болады.
Әзірге жоба пилоттық форматта жүзеге асырылады. Оның нәтижесі бойынша ұйымдастырушылар әйел курьерлердің әлеуметтік қолдауға деген қажеттілігін бағалап, көрсетілген көмектің тиімділігін саралайды.



