Әлеумет және қоғам

Қазақстанда алаяқтардың жаңа айласы анықталды

ІІМ мәліметінше, алаяқтар өздерін компания, мемлекеттік орган немесе ЖОО басшысы ретінде таныстырып, азаматтарды психологиялық қысым арқылы алдауда. Олар адамдарды “қауіпсіз шоттарға” ақша аударуға көндіріп, кейін байланысын үзіп кетеді.

Қазақстанда алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілін қолдана бастаған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің деректеріне сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.

Қаскөйлер өздерін ірі компаниялардың, мемлекеттік органдардың немесе жоғары оқу орындарының басшылары ретінде таныстырады. Олар жалған аккаунттар мен бөтен телефон нөмірлерін пайдаланып, адамдарға қоңырау шалады немесе мессенджер арқылы хабарласады.

Алаяқтар әдетте “деректеріңіз тарап жатыр” немесе “шотыңызға қауіп төніп тұр” деген сылтаумен жағдайды күрделендіріп көрсетеді. Осы арқылы олар адамды асықтырып, психологиялық қысым жасайды.

Кейін “мамандар” немесе “құқық қорғау органдарының қызметкерлері” хабарласатынын айтып, олардың айтқанын бұлжытпай орындауды талап етеді. Соңында жәбірленушіні ақшасын шешіп алып, оны “қауіпсіз шотқа” аударуға көндіреді. Ақша жіберілген соң, алаяқтар бірден байланысын үзеді.

ІІМ мәліметінше, қаскөйлер заманауи технологияларды да пайдаланады. Олар нөмірді ауыстыру, дауысты өзгерту сияқты әдістер арқылы сенімге кіруге тырысады.

Министрлік ескертеді: банк қызметкерлері де, мемлекеттік органдар да ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейді.

Сондықтан азаматтарға бейтаныс адамдардың нұсқауын орындамау, кез келген ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру және күмән туындаса, бірден құқық қорғау органдарына жүгіну ұсынылады.

Айта кетейік, бұған дейін алаяқтардың “дропперлер” арқылы заңсыз ақша айналымын ұйымдастыру схемасы да әшкереленген.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button