Қазақстанда мектепке дейінгі және техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарында медиация қызметтері кезең-кезеңімен енгізілуде, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Жаңа бастама балабақшалар мен колледждерде туындайтын түрлі келіспеушіліктерді тиімді әрі бейбіт жолмен шешуге бағытталған. Медиация жүйесі балалар, студенттер, педагогтер және ата-аналар арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, дауларды ушықтырмай реттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл құрылым буллингтің алдын алудың маңызды тетігіне айналмақ.
Балабақшаларда медиация қызметі тәрбиешілер мен ата-аналарға бүлдіршіндер арасындағы жанжалдарды реттеуге жәрдемдеседі. Бұл өз кезегінде балалардың ерте жастан тіл табысу, өзара келісімге келу және жанжалдарды бейбіт шешу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Ал колледждерде жаңа жүйе студенттер арасындағы келіспеушіліктерді азайтып, қорлау мен қысым көрсету жағдайларының алдын алуға бағытталады. Нәтижесінде білім беру ортасында қауіпсіз әрі қолайлы психологиялық ахуал қалыптастыру көзделіп отыр.
Медиация қызметінің жұмысы біріздендірілген әдістемелік негізде жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген ұсынымдар мен ережелер басшылыққа алынады. Құжатта дауларды реттеу мен агрессияның алдын алудың нақты алгоритмдері қамтылған.
Медиация топтарының құрамына білім беру ұйымдарының әкімшілігі, педагог-психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, ата-аналар, қоғамдық ұйым өкілдері және жас ерекшеліктеріне қарай білім алушылардың өздері де енгізіледі.
Айта кету керек, бұл тәжірибе бұған дейін «100 медиативтік мектеп» жобасы аясында сынақтан өткен. Жоба нәтижесінде білім беру ұйымдарындағы жанжалдардың азайып, оқушылар арасында жағымды психологиялық ахуалдың қалыптасқаны байқалған.



