Басты жаңалықтарБілімЖаңалықтар

Қазақстанда білім саласына бөлінетін қаржы 7 жылда үш есе өсті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында білім саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Биылғы ұстаздар жиыны «Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбына арналған.

Президенттің айтуынша, елдің тарихи өзгерістерінің табысты жүзеге асуы үшін қоғамдық сана жаңғыруы қажет. Бұл үдерісте мұғалімнің орны ерекше.

«Ұлтымыздың келешегін айқындайтын тарихи өзгерістер табысты болуы үшін, ең алдымен, қоғамдық сана жаңғыруға тиіс. Бұл істе мәртебелі мамандық иесі – мұғалімнің рөлі айрықша маңызды.

Әлемді ең дамыған технология өзгертуі мүмкін. Ал адамды, оның дүниетанымын өзгерту – нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс. Сондықтан мемлекет білім жүйесін дамытуға әрдайым баса назар аударады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары білім беру инфрақұрылымын жаңартуға айрықша көңіл бөлінгенін атап өтті. Оның дерегінше, соңғы жеті жылда білім саласына бөлінетін қаржы үш есе өсіп, 6,4 триллион теңгеге жеткен.

Ал кейінгі бес жылдың ішінде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынған. Сонымен қатар 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, білім беру ұйымдарында 7 мыңнан астам заманауи пән кабинеті жабдықталған.

Президент бұған қоса «Келешек мектептері» жобасының жүзеге асырылып жатқанын айтты. Оның мәліметінше, екі жыл бұрын басталған жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынған.

«Өздеріңізге мәлім, осыдан екі жыл бұрын менің тікелей тапсырмаммен «Келешек мектептері» жобасы бастау алды. Осы жоба аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. Заманауи мектептердің жаңа стандарты пайда болды десек, артық болмайды.

Алайда, біз әрбір өңірде, соның ішінде мектептерге сұраныс бар аудандарда сапалы оқу орындарының құрылысын міндетті түрде жалғастырамыз. Бұл – алдымызда тұрған мемлекеттік маңызға ие аса өзекті міндет. Уақытты созбай жұмысқа кірісуіміз керек, келесі жылы құрылыс барысы қарқынды болуы қажет», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстарымен қатар, мұғалімдердің мәртебесін көтеру бағытында да бірқатар шара қабылданғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданғанын, ал биыл оған ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер беретін өзгерістер енгізілгенін айтты. Сондай-ақ 5 қазан мұғалімдердің кәсіби мерекесі ретінде бекітілген.

Мұғалімдердің еңбегін мемлекеттік деңгейде ынталандыру мақсатында «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы да енгізілген. Бұл марапатқа ие болған педагогтерге қомақты сыйақы беріледі. Қазірдің өзінде жүзге жуық мұғалім осы атақпен марапатталған.

«Басқа да лайықты ұстаздар мемлекет назарынан тыс қалмай, осы құрметті атаққа ие болары күмәнсіз. Соңғы үш жылда еліміздегі 3 мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Бұл ұстаздар қауымына деген айрықша құрметтің белгісі екені сөзсіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент халықаралық зерттеулерде де Қазақстан мұғалімдерінің кәсіби беделі жоғары бағаланып отырғанын жеткізді.

TALIS-2024 зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында тұр. Бұдан бөлек, ұстаздардың еңбек жағдайына және жалақысына қанағаттануы бойынша Қазақстан алғашқы бестікке енген.

Мемлекет басшысының айтуынша, сауалнамаға қатысқан қазақстандық мұғалімдердің 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтқан. Ал 80 пайызы педагог мамандығын қайта таңдауға дайын екенін жеткізген.

«Ұстаздың беделін нығайтып, оларды жан-жақты қолдау үшін белсенді жұмыс атқарылып жатыр.

«Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Биыл бұл заңға толықтыру енгізіліп, ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер берілді.

5 қазан күні ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді.

Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл мәртебелі наградамен марапатталған тұлғаларға қомақты сыйақы беріліп жатыр. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім марапатталды», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында ұстаздарға еңбегі үшін алғыс білдіріп, білім беру саласын одан әрі дамыту елдің стратегиялық міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button