Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қаңтар айындағы ай сайынғы төлемдердің көлемі белгілі болды. Қор дерегінше, зейнетақы мөлшері азаматтың жинақтаған қаражатына және жүйеге қатысу ұзақтығына тікелей байланысты. Бұл туралы qandastar.kz сайты «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлады.
«Төлемнің максимал мөлшеріне шектеу жоқ: жинақталған қаражат көлемі неғұрлым көп болса, жинақтаушы зейнетақының мөлшері соғұрлым жоғары болады», — делінген.
2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ай сайынғы төлемдер 32 360 теңгеден 900 мың теңгеден асатын сомаға дейін жеткен. Осылайша, елдегі ең жоғары жинақтаушы зейнетақы көлемі айына 900 мың теңгеден асады.
Еске салайық, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылғы 1 ақпандағы орташа зейнетақы мөлшерін жариялаған еді.
«Орташа жинақталған зейнетақы мөлшері 157 843 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 103 931 теңге, базалық зейнетақы – 53 912 теңге», — делінген министрлік хабарламасында.



