Еліміздегі интернет пен байланыс қызметтерінің құны Ресей мен Қытай елдеріне қарағанда жоғары, деп жазады qandastar.kz сайты Ism.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстандықтар ұялы байланысқа арналған ең қолжетімді тарифтік жоспарға (10 ГБ деректер пакеті мен қоңыраулар) орта есеппен 4,7 мың теңге жұмсайды. Бұл Ресей тұрғындарының байланысқа кететін шығынынан шамамен 40%-ға жоғары (3,4 мың теңге). Ал Өзбекстанмен салыстырғанда Қазақстандағы тарифтер 2,3 есе қымбат (2 мың теңге). Сондай-ақ, Қырғызстанда ұялы байланыс бағасы төмен – 2,8 мың теңге.
Беларусьте осындай тариф 4,4 мың теңге, ал Қытайда – 4,6 мың теңге тұрады. Түркияда баға Қазақстанға қарағанда жоғары (5,1 мың теңге).
Бұл қызмет үшін Жапония тұрғындары әлдеқайда көп төлейді – 12,4 мың теңге, Германияда – 13,8 мың теңге, Оңтүстік Африка Республикасында – 18,1 мың теңге, ал Оңтүстік Кореяда – 18,5 мың теңге. Ең жоғары тарифтер АҚШ-та (31,2 мың теңге) және Біріккен Араб Әмірліктерінде (28,5 мың теңге) тіркелген.
Интернет бағасын салыстырғанда да Қазақстандағы көрсеткіштер Ресеймен салыстырғанда жоғары екені байқалады. Қазақстанда 60 Мбит/с және одан жоғары жылдамдықтағы шексіз кеңжолақты интернет айына орта есеппен 6,8 мың теңге тұрады. Ал Ресейде бұл қызмет 4,2 мың теңгеге бағаланған.
Қырғызстанда ұқсас интернет пакеті 5,9 мың теңге, Қытайда – 5,7 мың теңге, Өзбекстанда – 6,3 мың теңге, Беларусьте – 6,2 мың теңге. Түркияда интернет құны жоғарырақ – 7,1 мың теңге.
Ал Оңтүстік Кореяда тұрғындар интернетке айына 11 мың теңге, Жапонияда – 16,4 мың теңге, ОАР-да – 21 мың теңге, Польша мен Ұлыбританияда 20 мың теңгеден астам қаржы жұмсайды.
Зерттелген елдер арасындағы ең жоғары интернет бағасы АҚШ-та – 37,1 мың теңге, сондай-ақ БАӘ-де – 50 мың теңге деңгейінде.



