Қазақстанда қан тобы сәйкес келмесе де бүйрек трансплантациясы сәтті жүзеге асты. Бұл туралы Qandastar.kz сайты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
46 жастағы әйел бірнеше жыл бойы ем қабылдағанымен, денсаулығы жақсармаған. Дәрігерлер оған нақты таңдау ұсынған: не трансплантация жасау, не өмір бойы диализге көшу. Осыдан кейін отбасы донор іздеуге кіріседі.
Тексеру нәтижесінде донор бола алатын жалғыз адам – оның кенже ұлы екені анықталған. Алайда олардың қан топтары толық сәйкес келмеген. Соған қарамастан, жасөспірім еш ойланбастан анасына көмектесуге келісім берген.
Мамандардың айтуынша, қан тобы үйлеспейтін трансплантация ерекше дайындықты қажет етеді және өте күрделі операциялардың қатарына жатады. Соған қарамастан, ота сәтті өткен.
Операциядан кейін ұлы бесінші күні, ал анасы оныншы күні ауруханадан шығарылған. Қазіргі таңда екеуінің де жағдайы жақсы, қалыпты өмір сүріп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 15 жастағы жасөспірімге алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалған болатын.



