Әлем жаңалықтары

Қазақстанда казино жаппай жабылып жатыр

Фото:freepik

Соңғы 12 жылда Қазақстанда жұмыс істейтін казинолар саны 3,6 есе азайды. Бұл үрдіс шенеуніктерді алаңдатып отыр — жұмыс орындары қысқарып, бюджетке түсетін кіріс пен туризм ағыны да кеміген. Ал казино иелері бизнеске қолбайлау болып отырған аса жоғары салықтарға шағымданып жатыр. Бұл туралы «Курсив» басылымы мәлімдеді, деп хабарлайды  qandastar.kz  Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Туризм комитеті бұл жағдайды 2017 жылы қабылданған өзгерістермен түсіндіреді. Атап айтқанда, сол жылы ойын үстелдері мен автоматтарына салынатын салық мөлшері екі есеге артқан.

Ойын бизнесі туралы заңға сәйкес, казино тек үш жұлдыздан төмен емес қонақүй кешенінде орналасуы тиіс. Сондай-ақ, кемінде 30 ойын үстелі мен 60 ойын автоматы болуы міндетті.

Ойын аймағы ретінде 2007 жылы бекітілген Конаев қаласында (бұрынғы Қапшағай) бірнеше казино жұмыс істеп келеді. Алайда қала инфрақұрылымының дамуы мен туристік ахуалдың қазіргі жай-күйі қоғам тарапынан түрлі пікір тудыруда. Кей сарапшылар Конаевтың туризм орталығы ретінде толыққанды қалыптаспауын инфрақұрылым тапшылығымен байланыстырады.

Кейбір шетелдік қонақтар да өңірлік ойын мекемелеріндегі жағдайға қатысты пікір білдіріп, клиенттер санының аздығын атап өткен.

Бұл тұжырымды Моңғолиядан келген ойыншылар да жанама түрде растады. Олар Алматыға іссапармен келіп, жолай Конаевтағы казиноға соққан. Айтуынша, олар $3 мың ұтылып, бар болғаны 700 теңге ұтып кеткен.

«Мұнда адамдар аз, бос тұрған үстелдер көп. Көп адам болса, жеңіске жету мүмкіндігі артады әрі қызықтырақ болады. Біз Макао, Монте-Карло, Кореяда ойнадық. Қазақстанда қытайлықтар аз екен, ал әлемдегі казиноның тұрақты клиенттері — дәл солар», — дейді олар.

Казино қызметкерлерінің айтуынша, жабылудың басты себебі — салық. 2018 жылдан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне еніп, салық мөлшері екі есеге артқан. Мысалы, бір ғана ойын үстеліне салынатын салық — 830 АЕК-тен 1 660 АЕК-ке (шамамен 3,9 млн теңге) дейін өскен. Бұл көрші елдермен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Мәселен, Қырғызстанда бұл көрсеткіш екі есе, Ресейде 2,5 есе төмен.

Сондай-ақ заң бойынша казино тек 3 жұлдыздан төмен емес қонақүй кешенінде орналасуы керек және кемінде 30 ойын үстелі мен 60 автомат болуы шарт.

Бұдан бөлек, қызметкер жабылып қалған «Азия» казиносының тарихын мысал етеді. Ғимарат 2015-2017 жылдары салынып, фильм түсірілгенімен, салықтың көтерілуі салдарынан ашылмай қалған.

«Казиноны ашуға дайын тұрған кәсіпкерлер салық күрт көтерілгеннен кейін жоспарынан бас тартты. Енді мұндай тәуекелге қай инвестор барады?» — дейді ол.

Айтуынша, ірі казино жылына орта есеппен 2,6–2,7 млрд теңге салық төлейді.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close