Жаңалықтар

Қазақстанда киім мен аяқ киімнің бағасы АҚШ, Жапония және Канададан қымбат – сарапшылар

Қазақстанның күнделікті тұтынатын тауарлар нарығында қалыптасқан баға саясаты тағы да қоғам назарын аударды. Әлемдік зерттеулерге сүйенсек, еліміздегі киім мен аяқ киімнің құны АҚШ, Жапония, Канада, Қытай сынды алпауыт елдерден қымбат. Бұл деректерді халықаралық Numbeo платформасының сарапшылары ұсынды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы NUR.kz-қа сілтеме жасап.

Зерттеуде әңгіме сән үйлерінің премиум тауарлары жайлы емес, қарапайым бұқара тұтынатын масс-маркет брендтері жөнінде екені ерекше атап өтіледі. Соған қарамастан, қазақстандық дүкендердегі бір жұп қарапайым джинсының бағасы 30 мың теңгеден асып түсіп, дамыған елдерден жоғары болып отыр. Көйлек, кроссовка, ерлер туфлиінің құны да осындай айырмашылықта.

Қымбатшылықтың себептері неде?

Экономист Арман Бейсембаев бұл жағдайды бірнеше фактормен байланыстырады.

Импорттық тауар елге кірген сәттен бастап кедендік баж салығы мен салықтық міндеттемелерге тіреледі. Бұл шығындардың барлығы түпкілікті бағаға енгізілетіні белгілі. Оған қоса, Қазақстанға келетін киімнің басым бөлігі шетел валютасымен бағаланатындықтан, ұлттық валютаның әлсізденуі де бағаның өсуіне әсер етеді, – дейді маман.

демек, логистика, тасымалдың қымбаттауы және сауда үстемақысы да бағаның шарықтауына негізгі себептердің бірі ретінде көрсетіледі.

Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы әлі де толыққанды қалыптасқан жоқ. Сала өкілдерінің айтуынша, бүгінгі таңда отандық тігін фабрикалары нарықтың небары 5-6 пайызын ғана қамтып отыр.

Қазақстанның Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы басқарма мүшесі Инна Апенко бұл көрсеткіш елдің экономикалық қауіпсіздігі үшін жеткіліксіз екенін айтады.

Ең төменгі межеде кем дегенде 30 пайыздық ішкі өндіріс болуы тиіс. Елде синтетикалық мата шығаруға мүмкіндік мол. Алайда, нарық көлемі шағын болғандықтан, жеке инвесторлар бұл салаға сеніммен кіре бермейді. Сондықтан мемлекет тарапынан жүйелі қолдау қажет, – дейді сарапшы.

Соңғы айларда ұлттық валюта нығайғанымен, дүкендердегі баға өзгеріссіз қалуда. Сарапшылар мұны «кері храповик» құбылысымен түсіндіреді, яғни баға бір көтерілсе, кері түспейді.

Бұл жағдай отандық нарықта баға құрылымының қаншалықты инерциялық және бәсекенің әлсіз екенін аңғартады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button