Қазақстанда бос жұмыс орындарының саны азайды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы shyndyk.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қараша айында Enbek.kz Электронды еңбек биржасында 101,1 мың вакансия жарияланған. Оның 73 пайызы біліктілікті талап ететін жұмыс орындары. Алдыңғы аймен салыстырғанда вакансиялар саны 23 пайызға қысқарған.
Ең жоғары жалақы ұсынылған вакансиялар қатарында:
-
бас құрылысшылар – 640 мың теңгеден жоғары;
-
өндірістік учаске басшылары – 595 мың теңгеден бастап;
-
авиациялық диспетчерлер – 568 мың теңгеден жоғары.
Сонымен қатар ең жоғары жалақы күтілімдері де белгілі болды. Министрлік дерегінше, жұмыс іздеушілер арасында ұшқыш мамандығына үміткерлер орта есеппен 1,9 млн теңге жалақы күтеді. Ал коммерциялық ұйымдардағы IT-бөлімше басшысы мен бас геолог лауазымына үміткерлердің жалақыға қатысты күтілімі шамамен 1,2 млн теңгені құрайды.



