Жаңалықтар
Қазақстанда крипто-карта іске қосылды

2025 жылдың 3 маусымында Алматыда өткен жиында Ұлттық Банк цифрлық активтер индустриясын дамытуға бағытталған жаңа жобаларды таныстырды, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат порталы.
Жиын Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес цифрлық активтер индустриясын ілгерілету аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға банктер, криптобиржалар мен финтех-компаниялардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) алаңында лицензияланған криптобиржалардың әмияндарына байланған “крипто-карта” жобасы іске қосылды. Бұл карталар арқылы тұтынушылар қолма-қол ақшасыз операциялар орындай алады.
Крипто-карта механизмі: клиент төлем жасаған сәтте оның АХҚО криптонарығындағы цифрлық активтері сатылып, сол сәтте төлем картасына (банк шотына байланған) нақты ақша түседі. Операция бір мезетте жүзеге асады және есеп айырысудың жеделдігі банк пен лицензияланған крипто-провайдер арасындағы крипто-фиаттық интеграция арқылы қамтамасыз етіледі.
Бұл шешім цифрлық активтерді қолданыстағы төлем инфрақұрылымына қауіпсіз әрі ыңғайлы біріктіруге жол ашады.
Ұлттық Банк биыл цифрлық активтер бойынша бірқатар пилоттық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Олардың қатарында:
• Ұлттық валютамен, соның ішінде цифрлық теңгемен қамтылған стейблкоиндарды шығару;
• Қаржы активтері мен жылжымайтын мүлікті токенизациялау, бағалы қағаздарға теңестірілген токендер шығару;
• Цифрлық активтердің қамтамасыз етілуін есепке алу және сақтау жүйелерін ұйымдастыру;
• Криптоактивтермен айырбастау және сақтау сервистерін дамыту;
• Басқа да инновациялық қаржы сервистері.
Аталған бастамаларды іске асыру үшін Ұлттық Банк мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрлық қаржы активтеріне арналған реттеуші базаны қалыптастыруға және кепілсіз активтердің айналымын кеңейтуге мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер жобасын әзірледі.