Жаңалықтар

Қазақстанда құрамында тыйым салынған бояуы бар шай әлі сатылып жатыр

Фото: depositphotos.com

Биыл жыл басында қазақстандықтар пәкістандық шайдың сапасына шағымданған еді. Кейін ол сараптамаға жіберіліп, құрамынан тыйым салынған бояуыш табылғаны белгілі болды.

Алайда бұл шайлар әлі сатылып жатыр. Massaget.kz тілшісі бұл мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Желіде қазақстандықтардың тыйым салынса да дүкен сөрелерінде сатылып жатқан пәкістандық шайға қатысты наразылығы тарады. Шай қайнағанда табиғи емес ашық түске боялатыны, оның үстіне шай құрамында түсініксіз түйіршіктерді байқаған.

Zakon.kz басылымының мәліметінше, бұл мәселеге қатысты сараптама наурызда басталған. Шай құрамынан тыйым салынған бояуыш табылған. Негізі 2018 жылы бұл шайларды Қазақстанға әкелуге тыйым салынған. Алайда бірнеше айдан кейін тыйым алып тасталған.

Жақында «Al Barkat Classic Tea» және «Premium Gold Tea» шайларының құрамында қолдануға тыйым салынған тартразин Е102 жасанды бояғыш заты анықталған.

Бұдан 3 жыл бұрын Total.kz ақпараттық агенттігі тәуелсіз зертханадағы зерттеу нәтижелері түйіршіктелген пәкістандық қара шайдың «Al-Marua Premium», «Эмир чай GOLD», «Al-Jannat GOLD», «Al-Hayat GOLD» және «Орда Пакистан» деп аталатын бірнеше маркасында Е102 жасанды бояғыш затының барын анықтаған еді.

Тыйым салынған бояуыш туралы не белгілі?

Тартразин – синтетикалық жолмен алынатын ең арзан бояғыштардың бірі. E102 қоспасы негізінен тамақ қоспасына қолданылады, өйткені ол тамақ өнімдерін ашық сары түске бояйды.

Құзырлы орган не дейді?

Massaget.kz тілшісі бұл мәселенің мән-жайын анықтау үшін Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сауал жолдады. Алайда шілдеде жіберілген сауалға әлі мардымды жауап қайтарылмады.

Комитет мәліметінше, шайға жасалған сараптама қорытындысы әлі дайын болмаған. Наурызда басталған сараптама неге былай ұзап кеткені беймәлім. Сараптама қорытындысы мәлім болмайынша тауар сөрелерден алынбайды. 

Редакция бұл мәселені жіті бақылауында ұстайды.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close