10 наурызда «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталды. Өтінімдер толықтай онлайн форматта қабылданады. Қазірдің өзінде шамамен 4 мыңға жуық отбасы баспана алуға ниет білдіріп, бағдарламаға қатысу үшін өтінім берген. Бұл туралы Qandastar.kz сайты «Хабар» арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Бағдарламаға қатысу үшін азамат міндетті түрде «Отбасы банкінің» клиенті болуы қажет. Сонымен қатар депозиттік шотында кемінде 2 миллион теңге жинағы болуы тиіс. Өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде өз атына тіркелген тұрғын үйі болмауы керек. Бағдарламаға тұрғын үй кезегінде тұрғандар да, кезекте тұрмаған азаматтар да қатыса алады. Бұл туралы «Отбасы банкі» АҚ баспасөз хатшысы Назерке Ғалым мәлімдеді.
Үкімет тұрғындарға мемлекеттік қолдау алуды жеңілдету мақсатында бірқатар шара қабылдаған. Соның бірі – «Отбасы банкіне» ұлттық даму институты мәртебесінің берілуі. Ал «Наурыз» және «Наурыз – жұмыскер» бағдарламалары аясында жалпы сомасы 233 миллиард теңгеге 8,5 мыңнан астам ипотекалық несие берілген.
Қазіргі уақытта Қазақстанда тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше ипотекалық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Жақын уақытта олардың қатары тағы бір жаңа жобамен толықпақ. Осы жазда әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар елде тұрғын үй алуға арналған пайызсыз, яғни исламдық ипотека механизмін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Осы бағытта Пәкістандағы ірі банктердің бірімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Қазір тиісті заңнамалық өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде. Егер Мәжіліс қолдау білдірсе, исламдық ипотеканы осы жылдың өзінде іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов тиісті министрліктерге қолжетімді коммерциялық ипотеканы дамыту және оның көлемін арттыру бойынша тапсырма берді. Сондай-ақ «Отбасы банкіне» халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға басымдық беру міндеттелді.
Жалпы биыл Қазақстанда 18,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Ал тұрғын үй құрылысына қолдау көрсету үшін шамамен 2,4 триллион теңге қаражат бөлінген.



