Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қазақстанда Отбасы омбудсмені пайда болады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде жаңа лауазым жайлы айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

«Отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл қоғамдық лауазымын енгізу адам құқықтарының қорғалуы мен отбасы институтын күшейтетініне сенімдімін.

Отбасы омбудсмені Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының бірінші орынбасары ретінде қызмет етіп, атқарылған істер туралы Мемлекет басшысына есеп беріп отырады.

Мұндай жүйе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын кешенді түрде жолға қоюмен қатар, отбасы саясатындағы басқа маңызды түйткілдерді шешуге мүмкіндік береді», — дейді Тоқаев.

Сондай-ақ мемлекет басшысы ана мен баланы қолдауға айрықша мән беретінін алға тартты.

«Мұны Президенттің басқа да қызметтік міндеттемелері сияқты аса маңызды іс деп санаймын.

Бұл бағытта қажетті заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданды. Енді, міне, отбасы институтын қоғамның тұрақты дамуының өте маңызды факторы ретінде Конституция деңгейінде күшейтеміз.

«Неке – ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деген норма алғаш рет бекітіліп отыр. Мұндай заң ережесі балалардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ әйелдер мен аналардың отбасындағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.

«Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады» деген норма заманға сай жаңа мазмұнмен толықты. Құқықтық тұрғыдан анағұрлым дәл тіркестер арқылы қыздарды тұрмыс құруға мәжбүрлеу секілді ұят құбылыстарға Конституцияда тосқауыл қойылады», — деді мемлекет басшысы.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button