
Фото: ашық дереккөз
Жаңа Салық кодексі аясында өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға арналған жеңілдетілген салық тәртібі енгізілмек. Бұл қадам – такси жүргізушісі, курьер, аяқ киім жөндеуші, пәтер жинаушы сияқты шағын қызмет иелерінің салықтық ауыртпалығын азайтуға бағытталған, деп жазды qandastar.kz
Ең басты өзгеріс — жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тек табысының 4 пайызын әлеуметтік төлем ретінде аударса жеткілікті. Яғни, тіркеу, есеп беру, артық құжат жинату секілді бюрократиялық кедергілер болмайды.
Ұлттық экономика министрлігі екі бірдей құжатты қоғам талқысына шығарды. Біріншісі — ірі бизнеспен айналысатын кәсіп иелеріне жеңілдетілген салық режимін қолдануға тыйым салатын қаулы жобасы. Екіншісі — жаңа режиммен жұмыс істеуге рұқсат етілетін қызмет түрлерінің тізімі.
Қандай қызметтер жеңілдіктен тыс қалады?
Оңайлатылған декларация негізіндегі режим енді мына салаларда қолданылмайды:
- өңдеу өнеркәсібі,
- құрылыс,
- жер қойнауын пайдалану,
- көтерме сауда,
- 2000 шаршы метрден астам аумақтағы бөлшек сауда,
- телекоммуникация,
- интернет және IT қызметтері,
- қаржы және сақтандыру.
Ал білім беру мен медицина саласы не болмақ?
Алғашында жеке балабақшалар мен білім орталықтары жаңа кодекс аясында жеңілдіктен айырылып, қызмет бағасын өсіруге мәжбүр боламыз деп алаңдаушылық білдірген еді. Алайда министрлік бұл салалар салық жеңілдігін сақтайтынын нақтылады. Демек, жекеменшік балабақша, дәріхана, медицина және әлеуметтік қызметтер, қоғамдық тамақтану, жолаушы тасымалы мен шағын сауда орындары бұрынғыдай жеңілдетілген тәртіппен жұмыс істей береді.
Барлығы 300-ге жуық қызмет түріне жеңілдік сақталады.
4 пайыздық төлем кімдерге арналған?
Министрліктің түсіндіруінше, жаңа режим мынадай азаматтарға арналады:
- жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген;
- ай сайынғы табысы 300 АЕК-тен (шамамен 1,1 млн теңге) аспайтын;
- жалдамалы жұмысшысы жоқ азаматтар.
Олар 4 пайыздық төлем арқылы салық міндеттемесін орындай алады.
Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Нұрлыбек Шаймахановтың айтуынша, бұл режимге 46 қызмет түрі енгізіледі. Олардың қатарында:
- аяқ киім жөндеу,
- музыкалық аспап жөндеу,
- пәтер тазалау,
- такси жүргізу,
- курьерлік қызмет және тағы басқалар бар.
ҚҚС мәселесі қалай шешіледі?
Егер азамат жалпыға бірдей белгіленген салық режиміне өтсе де, жылдық табысы 40 миллион теңгеден аспаса, онда ҚҚС (қосылған құн салығы) төлеуші ретінде тіркелмеуге құқылы. Бұл да — шағын кәсіпкерлер үшін жеңілдік.