Ұлттық статистика бюросының қараша айына берген мәліметтері елдегі жылжымайтын мүлік құнының бір жыл ішінде айтарлықтай өскенін көрсетті. Ай сайын құбылып отырған нарықта өткен айда 39 973 сатып алу-сату мәмілесі рәсімделген. Бұл – қазан айымен салыстырғанда 3,1 пайызға төмен көрсеткіш, деп хабарлайды qandastar.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Жылдық тұрғыдан алғанда, жаңа баспананың құны 15,5 пайызға, ал екінші нарықтағы пәтерлердің бағасы 14,3 пайызға артқан. Жалға берілетін тұрғын үй бағасы да еселеніп, 11,9 пайыздық өсім көрсеткен. Әсіресе Павлодар мен Ақтөбе облыстарында жалдау құны бір жылда 30 пайыздан аса қымбаттап, өңірлік айырмашылықтардың айқын екенін дәлелдей түсті.
Алматы мен Астанада тұрғын үй құны әдеттегідей көш бастап отыр. Бірінші нарықта оңтүстік астана 19,9 пайыздық өсіммен алғашқы орында, елордада бұл көрсеткіш 17,4 пайызды құрады. Екінші нарықтағы қымбатшылық та осы екі мегаполисте айқын сезіледі: Алматыда – 23 пайыз, Ақтөбеде – 19,4 пайыз.
Айлық көрсеткіштер де нарықтың бір сәтке де саябырсып тұрмағанын байқатады. Қазаннан қарашаға дейін жаңа пәтерлердің бағасы 2,5 пайызға, ал екінші нарықтағы баспананың құны 2,8 пайызға көтерілген. Жалдау құны да айтарлықтай өзгеріп, 2,4 пайыздық өсім тіркелді.
Пәтерге сұраныстың әлі де жоғары екені байқалады. Ресми деректерге сүйенсек, қарашада жасалған мәмілелердің 78 пайызы – пәтер саудасы. Елорда мен Алматы бұл көрсеткіш бойынша да алдыңғы орында. Екі бөлмелі пәтерлердің сатылымы ерекше жоғары болған: бір айдың ішінде 11 888 транзакция жасалған.
Жеке тұрғын үйлер нарығы біршама тұрақты көрінеді. Өткен айда бұл сегментте 8 751 мәміле рәсімделіп, 0,4 пайыздық өсім байқалды. Қызылорда, Жетісу және Абай облыстарында жеке үйлерге сұраныс артқанымен, Маңғыстау мен Шымкент қаласында керісінше төмендеу байқалған.
Жалпы алғанда, тұрғын үй нарығы жыл сайынғы өсімінен танбай келеді. 2024 жылдың қарашасымен салыстырғанда, биылғы қарашада жалпы мәмілелер көлемі 1,4 пайызға артқан. Жетісу облысы жоғары серпін көрсетті, ал Ұлытау облысында мәмілелер саны айтарлықтай азайған.
Экономикадағы өзгерістер мен алдағы салық саясатының ықпалы жөнінде вице-министр Азамат Әмрин түсініктеме беріп, НДС мөлшерлемесі өссе де, тұрғын үйге қатысты өтпелі кезең енгізілетінін атап өтті. Демек, жаңа тетіктер нарыққа бірден әсер етпейді.
Елдің баспана нарығындағы ахуал осылай. Бір өңірде қарқынды өсім, бір өңірде кері динамика байқалса да, тұрғын үй бағасының жалпы беталысы жоғарылығына қалуда.



