
Фото: Freepik
Қазақстанда кәмелетке толмағандарға жыныстық қолсұғушылық жасаған қылмыскерлерге химиялық кастрация жазасы бостандыққа шығуға алты ай қалғанда қолданылатын болды, деп жазды qandastar.kz
Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы 1 қазандағы бұйрығымен мәжбүрлі медициналық шараларды қолдану тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді 18 жастан асқан, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыс жасағандарға сот шешімі негізінде химиялық кастрация жазасы тағайындалады. Бұл шара жазаны өтеу орындарында немесе амбулаторлық психиатриялық көмек көрсететін мекемелерде жүзеге асырылады.
Сонымен бірге, мекеме әкімшілігі жаза мерзімі аяқталуға 12 ай қалған кезде сотқа сот-психиатриялық сараптама тағайындау үшін қажетті материалдарды жіберуге міндетті. Бұл сараптама сотталған адамның психикалық жағдайы мен жыныстық зорлық-зомбылыққа бейімділігін анықтауға бағытталған.
Алайда, психикалық бұзылыстары бар, бірақ есі дұрыс деп танылғандарға бұл мәжбүрлі медициналық шаралар қолданылмайды.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
