Әлеумет және қоғам

Қазақстанда су қоймаларына шағын су электр станцияларын салу жобалары әзірленуде

“Қазсушар” Қарағанды, Ақтөбе және Абай облыстарындағы су қоймаларына шағын СЭС салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы дайындап жатыр. Жол картасы аясында елде 29 қолайлы нысан анықталған, ал іске қосылған үш шағын СЭС қазіргі уақытта электр энергиясын өндіруде.

Қазақстанда су қоймалары базасында шағын су электр станцияларын (ШСЭС) салу жобалары әзірленіп жатыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты Stan.kz порталына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, “Қазсушар” Қарағанды облысындағы Самарқанд, Ақтөбе облысындағы Қарғалы және Абай облысындағы Қаракөл су қоймаларына шағын СЭС салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауда. Қазіргі уақытта бұл үш жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.

Сонымен қатар тағы бес нысан бойынша құжаттама әзірлеу жоспарланған, оның үшеуі жеке инвесторларды тарту арқылы іске асырылатын болады.

Аталған жұмыстар 2023 жылғы қыркүйекте қабылданған “Қазсушар” РМК-ның гидротехникалық құрылыстарда шағын СЭС-ті дамыту жөніндегі Жол картасы аясында жүргізіліп отыр. Ел бойынша шағын гидроэнергетика салуға қолайлы 29 нысан анықталған.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановтың айтуынша, Жол картасын іске асыру нәтижесінде “Қазсушар” қарамағындағы гидротехникалық нысандарда өндірілетін электр энергиясының жылдық көлемі 30 МВт-қа дейін жетеді.

Қазір кәсіпорын теңгерімінде үш шағын СЭС жұмыс істеп тұр: Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев гидроторабында, Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасында және Қорғас өзеніндегі “Достық” гидроторабында.

Back to top button