Жаңалықтар

Қазақстанда тұрғын үйді жалдау бағасы шарықтап жатыр

Қазақстанда тұрғын үй нарығындағы баға өсімі сақталып отыр. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы LS агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

2025 жылғы желтоқсан айында ел бойынша жаңа тұрғын үйдің орташа бағасы 1 шаршы метр үшін 571,2 мың теңгеге жетті. Бұл қараша айындағы көрсеткіштен (568,8 мың теңге) жоғары және 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,7%-ға қымбат.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, жаңа тұрғын үй бағасының ең жоғары жылдық өсімі Қонаев қаласында тіркелді – 22,9% (1 ш.м – 471,1 мың теңге). Сондай-ақ Павлодарда баға 22,9%-ға өсіп, 466,2 мың теңгеге жетсе, Алматыда – 19,8% (690,6 мың теңге), Астанада – 17,4% (671,2 мың теңге), Шымкентте – 15,6% (527,9 мың теңге) болды.

Екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы да бір жыл ішінде 14,6%-ға өсіп, республика бойынша орташа есеппен 1 шаршы метр үшін 594,7 мың теңгені құрады (қарашада – 587,9 мың теңге).

Қайталама нарықтағы ең жоғары өсім Алматы қаласында байқалды – 25,4% (738,3 мың теңге). Сонымен қатар Актөбеде бағалар 18,2%-ға (363 мың теңге), Павлодарда 17%-ға (449,4 мың теңге) өсті.

Астанада екінші нарықтағы пәтерлердің бағасы 10,9%-ға қымбаттап, 1 ш.м үшін 720,4 мың теңгеге жетсе, Шымкентте де өсім 10,9%-ды құрап, 466,9 мың теңге болды.

Жалға берілетін тұрғын үй бағасы да қымбаттауда. Ел бойынша бір жылда жалдау ақысы 13,1%-ға өсіп, 1 шаршы метр үшін орта есеппен 5 мың теңгені құрады.

Жалдау бағасының ең жоғары өсімі Павлодарда тіркелді – 42,9% (3,6 мың теңге). Одан кейін Петропавл – 40,9% (4,5 мың теңге) және Актөбе – 30,4% (3,2 мың теңге).

Алматыда жалдау құны бір жылда 11,6%-ға өсіп, 5,9 мың теңгеге жетті. Астанада өсім 11,9% (5,5 мың теңге), ал Шымкентте 12,9% (4,2 мың теңге) болды.

Айлық динамикаға тоқталсақ, 2025 жылғы қарашамен салыстырғанда желтоқсанда жаңа тұрғын үй бағасы орта есеппен 0,4%-ға, қайталама нарықтағы тұрғын үй 1,2%-ға, ал жалдау ақысы 2,1%-ға өскен.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button