Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қазақстанда үй маңындағы қоқыс үшін жауапкершілік күшейтілді

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда абаттандырудың жаңа ережелері күшіне енді. Енді үй және нысан иелері өз аумағымен қатар, ғимарат айналасындағы бес метрлік жердің тазалығына да жауап береді. Талаптарды бұзғандарға 432 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Қазақстанда 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап елді мекендерді абаттандырудың жаңартылған қағидалары күшіне енді. Енді жеке тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандардың иелері өз жер телімінен бөлек, ғимарат немесе қоршау маңындағы бес метрге дейінгі аумақтың тазалығына да жауапты болады. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Жаңа талаптарға сәйкес, іргелес аумақта қоқыс, құрылыс материалдары, отын, тыңайтқыш, тіркемелер немесе ұзақ уақыт пайдаланылмай тұрған көліктерді қалдыруға тыйым салынады. Егер құм, қиыршық тас немесе отын жеткізілсе, оларды мүмкіндігінше тез арада жер телімінің ішіне орналастыру қажет.

Сонымен қатар меншік иелері іргелес аумақты тұрақты тазалап, арамшөптерді шауып, қыс мезгілінде қар мен мұзды уақытылы тазартуға міндетті. Бұдан бөлек, қоршау мен ғимараттың қасбетін күтіп ұстау, сондай-ақ үйдің нөмірлік белгісінің болуын және оның сақталуын қамтамасыз ету талап етіледі.

Құрылыс қалдықтарын тұрмыстық қоқыс контейнерлеріне тастауға немесе үй маңында қалдыруға болмайды. Мұндай қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға өздігінен шығару қажет.

Жаңа ережені бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Жеке тұлғаларға 20 АЕК (86 500 теңге), шағын бизнес пен коммерциялық емес ұйымдарға 30 АЕК (129 750 теңге), орта бизнеске 40 АЕК (173 000 теңге), ал ірі бизнес субъектілеріне 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, жаза күшейтіледі.

Ереже бойынша, егер бөтен адам үйдің жанындағы жауапкершілік аймағына қоқыс тастап кетсе де, оны тазалау міндеті меншік иесіне жүктеледі. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің ауласындағы тазалыққа ОСИ немесе басқарушы компаниялар жауап береді.

Жаңартылған қағидалар Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы №282 бұйрығымен бекітіліп, 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан аумағында қолданысқа енгізілді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button