
Заңсыз онлайн-казино жарнамалаған блогер халықаралық іздеуге жарияланды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қаржылық мониторинг агенттігі Өзбекстан азаматы, 2000 жылы туған Махмуд Умидович Хикматовқа халықаралық іздеу жариялады.
Ол әлеуметтік желілерде «Маха.dxb» деген бүркеншік атпен танымал.
Агенттік мәліметінше, блогерге Қазақстан аумағында заңсыз интернет-казинолардың қызметін ұйымдастыруға және оларды жарнамалауға қатысы бар деген күдік келтіріліп отыр. Сот оны қамауда ұстауға санкция берген.
Тергеу нұсқасы бойынша, ел аумағында бірқатар интернет-казиноның жұмысын қамтамасыз ететін жүйе құрылған. Оның көмегімен ақша қабылдау және төлем жасау ұйымдастырылып, пайдаланушыларға казино платформалары ұсынылған. Бұл үшін эквайринг, мобильді төлемдер және криптовалюта қолданылған.
Ал аудиторияны тарту үшін әлеуметтік желілердегі жарнамаға басымдық берілген.
Агенттік мәліметінше, осы жұмыста Махмуд Хикматовқа Қазақстанда жұмыс істейтін блогерлерді тауып, олардың парақшалары арқылы жарнамалық материалдар жариялатуға тапсырма берілген.
Ол блогерлерден жазылушылар саны ғана емес, аудиторияның жасы, орналасқан жері және жарияланымдардың қамту көрсеткіштері туралы ақпарат жинаған. Жарнама құны осы статистикаға қарай есептелген.
Нәтижесінде Хикматов 35-тен астам блогерді жарнамаға тартқан. Олардың қатарында Қамза Қ. да болған.
Тергеу дерегіне сәйкес, Қамза Қ. әлеуметтік желідегі парақшаларында интернет-казиноға апаратын рефералдық сілтемелерді жариялап, Қазақстан азаматтарын тыйым салынған құмар ойындарға тартқан. Әрбір сілтемеге өту үшін сыйақы алып отырған.
Еске салайық, Қамза Қ. 6 тамызда Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланған.
Қаржылық мониторинг агенттігі Махмуд Хикматовтың қайда жүргені туралы ақпарат білетін азаматтарды ведомствоның кезекші бөліміне хабарласуға шақырады.



