
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның салық органдары азаматтардың ресми табысымен сәйкес келмейтін шығындарын тексеру үшін жанама әдісті қолданатын болады, деп жазды qandastar.kz
Қаржы министрі Мәди Тәкиев 2024 жылғы 28 қазанда қол қойған бұйрық жаңа Салық кодексін іске асыруға арналған. Бұйрыққа сәйкес, егер азаматтың шығыстары оның ресми табысынан асып кетсе, салық органдары оның нақты табысын, алдыңғы жылдардағы кірістерін және шығындарын есепке ала отырып, салық сомасын қайта есептейді.
Жанама әдіс негізінен кәсіпкерлікпен айналысып, бірақ жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген тұлғаларға қолданылады. Сонымен қатар, ол мына жағдайларда іске қосылады:
- есеп жүргізу талаптары бұзылған немесе операциялар толық көрсетілмеген;
- құжаттар (чек, шот, келісімшарт және т.б.) жоғалған немесе жойылған.
Салық органдары табысты анықтау үшін мына үш негізгі әдісті пайдаланады:
- Активтер құнының өсуін талдау;
- Шығындарды есепке алу;
- Банктік шоттардағы ақша қозғалысын қарастыру.
Тексеру кезінде қарастырылады: банктік шоттар мен ақша айналымы, несиелер, ипотека, мүлік пен бағалы қағаздарға қатысты мәмілелер, білім мен медицинаға жұмсалған қаражат, сақтандыру және әлеуметтік төлемдер, шетелдік активтер, сондай-ақ салық есептілігі мен тексеру деректері.
Қажет болған жағдайда салық органдары банктерден, мемлекеттік және шетелдік мекемелерден, сондай-ақ тауар жеткізушілер мен сатып алушылардан қосымша ақпарат сұрауға құқылы. Жиналған мәліметтер салық төлеушінің ресми есептілігімен салыстырылып, тексерулер мен бақылау шараларында пайдаланылады.



