Жаңалықтар

Қазақстанда жұмыс істейтін зейнет жасындағы адамдар зейнетақыдан қағыла ма: Депутат Асхат Аймағамбетов еңбек министріне ескерту жасады

Коллаж: stan.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 1 қарашада журналистермен болған кездесуде жұмыс істейтін зейнет жасындағы адамдарға зейнетақы төлеуді доғару туралы ұсынысқа қатысты түсініктеме берді. Алайда мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл мәселеге қатысты қоғам дүрлігіп, наразылық білдіріп жатқанын айтты. Бұл туралы qandastar.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

ветлана Жақыпова қазір зейнет жасына жеткендердің көпшілігі жұмыс істеп, зейнетақы мен жалақыны қатар алып жүргенін айтады.

«Олар жұмысынан кеткісі келмейді, өйткені сол өздеріне ыңғайлы, жиған-терген білімі, тәжірибесі сұранысқа ие, сондықтан олар жұмысында қала береді. Мұндай жағдайда бюджеттен төленетін төлемдерді олар зейнетке шындап шыққанға дейін доғара тұру ұсынылады», – дейді ол.

Оның айтуынша, үнемделген қаражат 55 жасында зейнетке шыққысы келетіндерге төлеуге бағытталуы мүмкін.

«Бұл тек талқылау сатысындағы дүние. Өткен аптада біз сарапшылармен кездестік, енді кейбірі бар сондай ұсыныс тастаған, қысқасы, бұл әзірге талқылау сатысындағы нәрсе. Әкімдер де, министрлер де мемлекеттік қызметкерлер бар. Мәселен, олардың келісімшарты бір жылға ұзартылуы мүмкін. Содан соң олар зейнетке шығуы керек. Мысалы, менен зейнет жасына жеткен соң жұмыс істейсіз бе сұрайды. Мен жұмыс істейтінімді айттым. Менің ғылыммен айналысуға немесе сабақ беруге мүмкіндігім бар. Тиісінше, мен осы салаларда жұмыс істей аламын. Егер солай жасасам, онда зейнетақысыз, тек жалақыға өмір сүремін», – деп түсіндірді еңбек министрі.

Оның айтуынша, бұл норманы қодау-қолдамау қазақстандықтардың еншісіндегі дүние.

«Егер барлық азамат… «О, бұл жақсы ғой. Маған зейнетақының керегі жоқ, ары қарай жұмыс істей бергім келеді» деп жатса ғана. Ал кім ертерек зейнетке шыққысы келеді? Бұл мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар, көп балалы аналар, қауіпті және қиын еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндер. Олардың бірнеше санаттары бар. Сондықтан мұндай таңдау құқығын қоғамға беру керек және оны қоғам өзі талқылауға тиіс», – деп сөзін түйіндеді Жақыпова.

Бірақ мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовжұмыс істеп жүрген зейнеткерлерді мемлекеттік бюджет есебінен зейнетақысынан айыру туралы ұсыныс қоғамда алаңдаушылық туғызғанын айтады.

«Бұл идея мемлекеттік шығындарды халықтың ең осал топтарының бірі есебінен шешуге тырысу секілді көрінеді. Мұның орнына бюджеті оңтайландырудың әділ әдістерін іздестіру керек. Көптеген зейнеткердің әзірше минималды төлемдер алатынын және олар өмір сүру үшін жеткіліксіз екенін түсіну маңызды. Енді олардың алып жүрген қарапайым табысы, әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы туралы Конституцияның 28-бабымен кепілдендірілген заң көңілге күдік ұялатты. Адамдардың ең аз қарсылық білдіруге қабілетті жерінен үнемдеу жолдарын іздеп жатқандай әсер қалдырады. Алғашында онкологиялық науқастардың емдеу қаржысын қысқарту ұсыныстары, кейін хоспистар мен ауыр науқастарды қолдауға бағытталған қаржыны қысқарту, ал енді – жұмыс істеп жүрген зейнеткерлердің зейнетақысын қысқарту туралы ұсыныс жасалды«, – деп ашуланды мәжіліс депутаты.

Бюджетті үнемдеу керек, бірақ білім беру, денсаулық сақтау, зейнетақылар, жәрдемақылар мен азаматтарымыздың жалақыларын қол сұғуға болмайды деді депутат.

“Форумдар, мерекелік безендірулер, жаңа әкімшілік ғимараттарды салу, мағынасыз үлкен стадиондардың құрылысы, шетелдік легионерлерге жалақы төлеу және осындай басқа бағыттар тапшылықты жабуға мүмкіндік берер еді. Қуанышқа орай, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүлдем мұндай бастамалардың жоқ екенін түсіндірді. Заңнамада өзгерістер енгізілмейді. Олардың айтуынша, бұл тек талқылауға ұсынылған пікір ғана, министрліктің алдағы уақытқа жоспары емес. Дегенмен, менің ойымша, бұл идеяның өзі конституциялық және әділдік принциптеріне қайшы келеді», – деп жазды депутат.

Ол азаматтарда алаңдаушылық туғызуға негіз болмауы керек деп отыр.

«Сондықтан әріптестерімнің қоғамда түсініспеушілік пен артық алаңдаушылықты болдырмау үшін мұндай терең мәселелер бойынша ойланып барып, сөйлеуін қалаймын«, – деп қорытындылады депутат.

Еске салайық, бұған дейін желіде 1 қаңтардан бастап зейнетақыға 45 мың теңге қосымша төлем енгізілетіні туралы ақпарат тарады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желіде таратылып жатқан бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close