Жаңалықтар

Қазақстанда журналистерге талап күшейеді: Балаева тілшілердің уәжіне жауап берді

Фото: Тенгриньюс кз

“Ашық” порталында ақпарат министрлігінің журналистерді аккредиттеуге қатысты бұйрық жобасы жарияланды, – деп хабарлайды qandastar.kz atamekenbusiness_qaz телеграм арнасына сілтеме жасап.

Құжатқа сәйкес, журналист ресми шарадан алған ақпаратты әлеуметтік желісінде жарияласа, келесі жолы Үкімет, Парламент қабырғасына кіргізілмейді. Яғни алынған ресми мәлімет тек өзінің жұмыс істейтін телеарнасында не сайт, газет-журналында шығуы тиіс. Сондай-ақ шара регламенті мен мемлекеттік маңызы бар нысандарда тәртіпті сақтауға міндетті. Орындамаған жағдайда аккредитациядан айырылады. (2 рет ескерту беріледі)

Бұл мәселе кешелі бері журналистердің наразылығын туғызып отыр. Бүгін министр Балаева осы мәселеге жауап берді.

Сөзінше, БАҚ-тың жұмыс істеуін уақытша тоқтату немесе мүлдем жабу сот шешімі күшіне енген жағдайда ғана мүмкін болмақ. Сондай-ақ министр журналистер сақтауы тиіс талаптарға да тоқталған.

“Біріншіден, кез-келген журналист қай БАҚ атынан аккредитациядан өтсе, сол редакцияға ғана ақпаратты жинап, жариялай алады. Алайда журналистке бірден бірнеше БАҚ атынан аккредитация алуға ешкім тиым салмайды.

Екіншіден, бұл талап белгілі бір оқиғаға/іс-шараға қатысты журналистердің жеке пікірлері мен ұстанымдарын әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттарында білдіруге қатысы жоқ.

Үшіншіден, регламент мәселесіне келетін болсақ, қолданыстағы ережелерде қазірдің өзінде іс-шараға қатысушылардың тақырыпты, уақыт тәртібін, қоғамдық тәртіпті сақтауын іс-шара модераторы қамтамасыз ететіні қарастырылған.

АҚШ пен Еуропалық Одақтың және халықаралық ұйымдардың халықаралық тәжірибесі көрсеткендей, белгіленген ережелерді, сондай-ақ заңнаманы бұзған жағдайда журналист іс-шараларға қатысу құқығынан және аккредитациядан айырылады.

Төртіншіден, ережеде әрбір мемлекеттік органның немесе ұйымның белгілі бір іс-шараның регламентін өзі бекітетіндігі көрсетілген.

Бесіншіден, ерекше маңызды мемлекеттік объектілерге кіру және сол мекемелердегі режимдерді ұстану да қолданыстағы заңнаманы сақтау мен қауіпсіздіктің айнымас бөлігі”, – деді министр.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close