
Қазақстанда терроризм мен экстремизмге қарсы күрес күшейтілді.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл басынан бері жүргізген тергеп-тексеру нәтижесінде 17 адам террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін сотталып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Анықталған істердің бірі бойынша Алматы қаласының тұрғыны 2017 жылы халықаралық террористік ұйымдар жағына шығып, шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысқаны белгілі болды. 2025 жылы шетелдік серіктестермен бірлескен операция барысында ол ұсталып, Қазақстанға жеткізілді. Сот шешімімен оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ Көкшетау қаласының тағы бір тұрғыны 2013 жылдан бері шетелде жүріп, интернет арқылы терроризм мен діни экстремизм идеологиясын насихаттаған. Арнайы қызметтердің бірлескен іс-қимылы нәтижесінде ол да ұсталып, елге экстрадицияланды. Сот үкімімен 9 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
ҰҚК мәліметінше, есепті кезеңде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақмола және Ұлытау облыстарында террористік қылмыстарға қатысы бар 6 діни радикал ұсталған.
Бұдан бөлек, жазасын өтеу орындарында отырған 4 адамға қатысты терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру фактілері бойынша жаңа айыптар тағылды. Тергеу деректеріне сәйкес, олар экстремистік материалдарды таратып, өз көзқарастарын қолдамайтындарға қарсы күш қолдануға үндеген.
Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 174 және 256-баптары негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.



