Қазақстанда заң шығару жүйесі өзгерді: Бір палаталы Құрылтай қалай жұмыс істейді?
Қазақстанда заң шығару жүйесі жаңа кезеңге өтті. Екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылып, заң қабылдау тәртібі, депутаттарды сайлау жүйесі және мемлекеттік басқару құрылымы өзгерді. Жаңа органның алғашқы сессиясы өтіп, төрағасы мен орынбасарлары сайланып, сегіз тұрақты комитет жұмысын бастады. Бұл өзгерістер заң шығару процесіне қалай әсер етеді және қарапайым азамат үшін нені өзгертеді? Stan.kz тілшісі саралап көрді, дейді Qandastar.kz сайты.
Екі палаталы Парламенттің орнына – Құрылтай
Бұған дейін Қазақстан Парламенті Мәжіліс пен Сенаттан тұрды. Заң жобалары алдымен Мәжілісте қаралып, кейін Сенаттың мақұлдауынан өтетін. Егер Сенат құжатқа өзгеріс енгізсе, заң жобасы қайтадан Мәжіліске жіберілетін.
2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес бұл жүйе өзгеріп, 1 шілдеден бастап елде бір палаталы Құрылтай жұмыс істей бастады.
Қазір заң шығару қызметін бес жыл мерзімге сайланған 145 депутаттан тұратын бір ғана орган жүзеге асырады. Бұл заң жобаларын қарау уақытын қысқартып, шешім қабылдау процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.

Сарапшы: Заңдар тезірек қабылданады, бірақ сапасы төмендемеуі керек
Заң ғылымдарының докторы, профессор Алуа Ибраеваның айтуынша, екі палатаның орнына бір палатаның жұмыс істеуі заң шығару рәсімін жеңілдетеді.
Оның пікірінше, бұрын заң жобасы екі палатада кезекпен қаралып, бірнеше рет қайтарылатындықтан, уақыт жоғалатын. Ал қазіргі жағдайда қоғамдағы өзгерістерге жедел жауап беру маңызды.
Сонымен бірге сарапшы заңдарды жылдам қабылдау олардың сапасына кері әсер етпеуі тиіс екенін айтады. Оның сөзінше, депутаттар кәсіби сарапшылармен және заңгерлермен тұрақты жұмыс істеп, заңнаманы жан-жақты талдауы қажет.
Неліктен жаңа орган «Құрылтай» деп аталды?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа органның атауы қазақ халқының тарихи басқару дәстүрімен байланысты.
Ежелгі дәуірде Құрылтайда ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Сондықтан бұл атау тарихи сабақтастықты сақтап, қазіргі мемлекеттік басқару жүйесіне ұлттық мазмұн беруді көздейді.
Депутаттарды сайлау тәртібі де өзгерді
Құрылтайдың құрылуымен бірге сайлау жүйесіне де өзгеріс енгізілді.
Енді барлық 145 депутат біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізім арқылы сайланады. Бұрынғыдай бірмандатты округтер жоқ.
Бұл дегеніміз, азаматтар енді жеке кандидатқа емес, саяси партияға дауыс береді. Тиісінше, партия құрамына кірмейтін азаматтың өзін-өзі ұсынып депутат болуы мүмкін емес.
Сонымен қатар заң бойынша партиялық тізімдегі кандидаттардың кемінде 30 пайызы әйелдерден, жастардан және мүгедектігі бар азаматтардан тұруы тиіс.
Саясаттанушы: Басты мәселе – саяси бәсеке
Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, партиялық жүйенің тиімділігі ең алдымен саяси бәсекеге байланысты.
Ол партиялардың заң жобаларын бір-бірімен ашық талқылап, қажет болған жағдайда балама ұсыныстар енгізуі заң сапасын арттыратынын айтады.
Сарапшының пікірінше, заңдардың сапасы комитеттердің жұмысына ғана емес, парламенттегі пікірталас пен ашық дискуссияның деңгейіне де тәуелді.
Құрылтайдың төрағасы сайланды
28 тамызда өткен алғашқы сессияда Құрылтай төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды.
Президент ұсынған кандидатураны 145 депутаттың 144-і қолдап дауыс берді.
Сондай-ақ Құрылтай төрағасының орынбасарлары болып Нұрлан Бекназаров, Дания Еспаева және Динара Зәкиева сайланды.
Төраға Құрылтай отырыстарын ұйымдастырып, регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді және қабылданған заңдарға қол қояды.
Сегіз комитет заң жобаларын қарайды
Бұрын Мәжіліс пен Сенатта жалпы саны 13 комитет жұмыс істеген.
Жаңа жүйеде олардың орнына сегіз тұрақты комитет құрылды. Олар ауыл шаруашылығы, экономика, қаржы, құқық қорғау, халықаралық қатынастар, әлеуметтік саясат, цифрландыру, ғылым, өңірлік даму және басқа бағыттарға жауап береді.
Бұрын заң жобасы екі палатаның комитеттерінде қатар қаралатын болса, енді барлық негізгі жұмыс осы комитеттердің ішінде жүргізіледі.
Заң қабылдау тәртібі қалай өзгерді?
Жаңа Конституция бойынша заң шығару бастамасын Президент, Құрылтай депутаттары, Үкімет және Қазақстан Халық Кеңесі көтере алады.
Заң жобасы алдымен салалық комитетте қаралып, кейін Құрылтайдың жалпы отырысына шығарылады.
Қарапайым заңдарды қабылдау үшін депутаттардың басым көпшілігінің дауысы қажет.
Ал конституциялық заңдарды қабылдау үшін депутаттардың кемінде үштен екісі қолдауы тиіс.
Қабылданған заң Президентке қол қоюға жолданады.

Алғашқы міндеттердің бірі – заңнаманы жаңа Конституцияға бейімдеу
Сарапшылардың айтуынша, Құрылтайдың алғашқы жұмыстарының бірі қолданыстағы заңдарды жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіру болады.
Алуа Ибраева ең алдымен Салық кодексі, Еңбек кодексі, Азаматтық кодекс және бірқатар басқа заңдарға өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті.
Оның пікірінше, жаңа Конституциядағы меншік құқығы, еңбек қатынастары және азаматтардың құқықтарын қорғауға қатысты нормалар салалық заңдарда нақты көрініс табуы тиіс.
Сенаттың орны қалай толтырылады?
Бір палаталы жүйеге көшкеннен кейін заңдардың сапасын кім бақылайды деген сұрақ жиі қойылып жүр.
Алуа Ибраева мұнда комитеттердің кәсіби жұмысы мен сарапшылардың қатысуы маңызды екенін айтса, Дос Көшім заңдардың басты сүзгісі саяси бәсеке болуы тиіс деп есептейді.
Оның айтуынша, заң жобалары әртүрлі партиялардың ашық талқылауынан өткен жағдайда ғана олардың сапасы артады.
Құрылтайдың өкілеттігі заң қабылдаумен шектелмейді
Жаңа орган заң шығарумен қатар мемлекеттік басқаруға да қатысады.
Құрылтай Президенттің Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауына келісім береді.
Сонымен бірге Президенттің ұсынысымен Жоғарғы Сот судьяларын сайлайды және қызметінен босатады.
Депутаттар министрлердің есебін тыңдап, қажет болған жағдайда олардың қызметіне қатысты Президентке ұсыныс енгізе алады.
Бұдан бөлек, Құрылтай республикалық бюджеттің орындалуын бақылайды және Үкіметтің есебін қарайды.
Қарапайым азамат үшін не өзгереді?
Сарапшылардың пікірінше, Құрылтайдың құрылуының әсері азаматтардың күнделікті өмірінде бірден байқалмауы мүмкін.
Алайда бұл орган қабылдайтын заңдар салық, еңбек, әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және басқа да маңызды салаларға тікелей ықпал етеді.
Сондықтан жаңа жүйенің тиімділігі Құрылтайдың қаншалықты сапалы заң қабылдай алатынына, комитеттердің жұмысына, депутаттардың кәсіби деңгейіне және парламенттегі ашық пікірталастың қалыптасуына байланысты болмақ.


