
Фото: blueorigin.com
Қазақстандық кәсіпкер әйел Blue Origin компаниясымен ғарышқа аттанады, деп жазды qandastar.kz
Қазақстандық кәсіпкер және қоғам белсендісі Данна Қарағұсова жақын арада Blue Origin компаниясының New Shepard кемесімен ғарышқа ұшпақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Blue Origin басылымына сілтеме жасап хабарлады.
1 қазанда Blue Origin компаниясы NS-36 миссиясының экипажын ресми түрде жариялап, олардың қатарында Данна Қарағұсова да бар екенін мәлімдеді. Бұл миссия — New Shepard бағдарламасы аясындағы 15-ші пилотты ұшырылым болмақ.
Blue Origin ресми сайтында Қарағұсованың медиа, тарату және іс-шараларды ұйымдастыру саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар екені атап өтілген. Ол сонымен қатар тәжірибелі альпинист, Килиманджаро және Эльбрус шыңдарын бағындырған.
-«Адамзаттың болашағы ғарышпен байланысты. Жаңа көкжиектерді бағындыру арқылы біз тек технологияны ғана емес, өзіміздің де мүмкіндіктерімізді кеңейтеміз. Мен үшін NS-36 миссиясы – көптен күткен арманым мен зерттеу жобамның маңызды кезеңі,» — деп жазды Данна Қарағұсова Instagram парақшасында.
Ол — FMG маркетинг холдингінің негізін қалаушы. Сондай-ақ бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Сенат пен Мәжіліс депутаты болған Гүлжан Қарағұсованың қызы.
NS-36 миссиясы барысында ғарышкерлер Карман сызығынан жоғары көтеріліп, бірнеше минут салмақсыздық күйін бастан кешіріп, Жерді ғарыштан көру мүмкіндігіне ие болады. Ұшу шамамен 10–12 минутқа созылады және оны тікелей эфирде көруге болады.
Дәл ұшу күні әлі нақты жарияланған жоқ, бірақ бұған дейін Blue Origin қазан айының басы деп жоспарлағанын хабарлаған.
Айта кетейік, Blue Origin компаниясы 2021 жылдың шілдесінде алғашқы суборбиталық ұшырылымын жүзеге асырған болатын. Ол кезде ғарышқа алғашқылардың бірі болып компанияның негізін қалаушы, миллиардер Джефф Безос ұшқан.
New Shepard кемесімен саяхаттаудың нақты құны жарияланбайды, алайда кей деректерде бұл сома шамамен 500 мың долларды (273 млн теңге шамасында) құрайтыны жазылған. Ал 2021 жылы алғашқы рейстің билеті онлайн-аукционда 28 миллион долларға сатылған болатын.