ЖаңалықтарСпорт

Қазақстандық бокста тағы бір допинг дауы: Бекбауов екі жылға шеттетілді

2023 жылғы әлем чемпионатының финалисі Дулат Бекбауов антидопинг ережелерін бұзғаны үшін екі жылға жарыстардан шеттетілді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі Халықаралық олимпиадалық комитет құрамындағы Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, боксшы бір жыл ішінде үш рет допинг-бақылау офицерлеріне өз орналасқан жері туралы деректерді ұсынбаған. Мұндай әрекет ауыр құқықбұзушылық болып саналып, тесттен бас тартумен тең бағаланады.

Бекбауовтың дисквалификациясы 2025 жылдың 18 қарашасында күшіне енді және 2027 жылдың 17 қарашасына дейін жалғасады. Осы кезеңде оның биылғы барлық нәтижелері жойылды, бірақ спортшы ірі турнирлерге қатыспаған.

Айта кетейік, санкция тек әуесқой бокске қатысты. Шілде айында Дулат Бекбауов кәсіпқой рингте дебют жасаған болатын. Бұған дейін ITA ресейлік Имам Хатаевты және өзбекстандық Лазизбек Мулложоновты да осындай себеппен шеттеткен, алайда бұл олардың кәсіби мансабына әсер етпеген.


Ұқсас Мақалалар

Back to top button