Жаңалықтар

Қазақстандық дабыл қақты: Арзан Қытай көліктерінің ар жағында не жатыр?

Фото: Changan Kazakhstan

Қазақстандық белгілі IT маман Мейіржан Әуелханұлы Қытайдан импортталатын жаңа автокөліктердің адам денсаулығына қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті, деп жазды qandastar.kz

Маманның айтуынша, Қытайда жаңа көлік сатып алған азаматтың бірнеше айдан кейін денсаулығы күрт нашарлап, оған «ақ қан» (лейкоз) диагнозы қойылған. Осы жағдайдан соң жергілікті зерттеу институттары мен журналистер бірлесіп, тергеу жүргізген.

Сынақ барысында 60 жаңа көлік ыстық күн астында қалдырылып, олардың ішкі материалдары мен ауа сапасы зерттелген. Нәтижесінде 60 көліктің 58-інде пластик құрамындағы және басқа да химиялық заттардың көрсеткіші белгіленген нормадан әлдеқайда жоғары екені анықталған. Сарапшылар мұндай деңгейдегі токсиндер ұзақ уақыт әсер еткен жағдайда онкологиялық ауруларға себеп болуы мүмкін деп отыр.

Мейіржан Әуелханұлының айтуынша, бұл мәселе қазіргі таңда шетелдік ақпарат құралдарында кеңінен талқылануда. Ол қазақстандықтарды төмен баға мен көрнекі интерьерге алданып қалмауға шақырып, денсаулықтың ең басты құндылық екенін еске салды.

«Қытай көліктері елімізде күн санап көбейіп келеді. Иә, бағасы қолжетімді. Бірақ денсаулық бәрінен маңызды. Таңдау әркімнің өз қолында», – деді ол.

 

Back to top button