Қазақстан құрамасы Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан кадеттер арасындағы дзюдодан әлем чемпионатында екінші алтын медалін иеленді, деп хабарлайды Qandastar.kz.
52 келіге дейінгі салмақта белдескен Фатима Сұпығалиева жарыстың жеңімпазы атанды. Финалдық кездесуде қазақстандық дзюдошы Украина өкілі Ксения Кирильчуктен басым түсті.
57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Інжу Жұмажан да финалға дейін жетті. Алайда шешуші белдесуде Польша спортшысы Ягода Цюпикке жол беріп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Қазақстан құрамасының ерлер арасындағы өкілдері де жүлдесіз қалған жоқ. 66 келіге дейінгі салмақта Ерік Үсенов, ал 73 келіге дейінгі санатта Еркен Бекали қола медаль жеңіп алды.
Айта кетейік, әлем чемпионатының алғашқы күнінде 60 келіге дейінгі салмақта Ғабит Расулхан алтын медаль алған болатын.
Сонымен қатар, Әділжан Нұрбекен (50 келіге дейін) мен Адия Жанахмет (40 келіге дейін) күміс жүлдеге ие болды. Бекарыс Құдайберген (50 келіге дейін) мен Ахмет Баубек (60 келіге дейін) қола медаль еншіледі.



