Басты жаңалықтарЖаңалықтарСпорт

Қазақстандық дзюдошылар әлем чемпионатында тарихи нәтиже көрсетті

Қазақстандық дзюдошылар жастар арасындағы әлем чемпионатында ел тарихындағы үздік нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен жарыста ұлттық құрама қоржынына 11 медаль түсті: 4 алтын, 3 күміс және 4 қола.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларды айтулы жеңісімен құттықтады. Жекелеген бәсекелерде Ғабит Расулхан, Фатима Сұпығалиева және Әділжан Жаудинов алтын медаль иеленсе, қазақстандық команда аралас командалық жарыста да чемпион атанды.

Президент жас спортшыларға алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, бұдан да биік белестерді бағындыруына тілек білдірді.

Айта кетейік, әлем чемпионаты қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визермен телефон арқылы сөйлескен. Халықаралық ұйымның басшысы Мемлекет басшысын қазақстандық дзюдошылардың жастар арасындағы әлем біріншілігіндегі бұрын-соңды болмаған нәтижесімен құттықтады.

Кездесуде Тоқаев Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі мен ұлттық федерацияның халықаралық ұйыммен бірлесіп атқарып жатқан жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, бұл ынтымақтастық елімізде дзюдоның кеңінен дамуына ықпал етіп отыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button