Жаңалықтар

Қазақстандық келіншек дұрыс ота жасалмағаны үшін ауруханадан 2 миллион теңге өндіріп алды

Фото: depositphotos.соm


Қызылордалық сот қала тұрғынының сүт безіне дұрыс емес ота жасатқан ауруханаға қатысты азаматтық талап арызын қарады.

Маммолог дәрігер Қызылорда тұрғынына «сол жақ сүт безінің фиброаденомасы» диагнозын қойып, тұрғылықты жері бойынша жедел ем қабылдауды ұсынды. Әйелге ауруханаға жоспарлы түрде жатқызуға жолдама берілді, онда оған бірден ота жасалды. Емдеуден кейін әйелдің жағдайы нашарлады. Ол Қызылорда облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне шағымданды, осыған байланысты ауруханада жоспардан тыс тексеру басталды.

Тексеру диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамалары сақталмағанын анықтады. Оған қоса, хирург операцияны онкологтың сертификатынсыз жасады. Аурухананың мемлекеттік лицензиясында онкологиялық көмек көрсету туралы қосымша болмаған. Хирург-дәрігер мен аурухана заңгеріне әкімшілік айыппұл салынды.

Осыдан кейін, әйел Қызылорда қалалық сотына моральдық шығын өндіру туралы шағым түсірген. Ол операция кезінде ісікпен төменгі бөлігі емес, сол жақ сүт безінің жоғарғы жағы кесілгенін көрсетті. Қайталап ультрадыбыстық зерттеуде ісік жойылмағаны анықталды. Дәрігер немқұрайлылық танытқан, соның салдарынан ауруы асқынып, психикалық және физикалық азапқа ұшыраған.

– Қызылорда қалалық соты талапты қанағаттандырып, ауруханадан талапкердің пайдасына 2 000 000 теңге көлемінде моральдық зиянды өндіріп алу туралы шешім шығарды. Аурухана шешіммен келіспеді және апелляциялық шағыммен облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасына жүгінді. Істің барлық мән – жайларын зерделегеннен кейін сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырмай қалдырды, –деп хабарлады сот өкілдері.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close