Жаңалықтар
Қазақстандық миллионға несиеге массаж құрылғысын сатып алып, кейін оның 60 мың теңге тұратынын білді

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті азаматтар массаж жамылғыларын шектен тыс қымбат бағаға несиеге сатып алғанын мәлімдеді. Дүкенде қазақстандықтарға 60 мың теңгелік құрылғыны 1 миллион теңгеге рәсімдеп берген. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Батыс Қазақстан облысының тұрғыны массаж жамылғысының таныстырылымына қатысқан. Сатушылар бұл өнімді «денсаулыққа оң әсер ететін жоғары технологиялы құрылғы» ретінде сипаттаған. Алайда сатып алушыда қажетті сома болмағандықтан, ұйымдастырушылар оған 1 миллион теңгеге банк арқылы бөліп төлеу шартымен рәсімдеп берген.
Үйге келген соң азамат интернет арқылы бұл жамылғының нақты бағасын тексеріп көрген. Белгілі болғандай, осындай құрылғылар интернетте 17 есе арзан — 60 000 теңгеден басталады. Өзін алданғанын түсінген соң, ол Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Мамандар сатушыға шағым жолдап, артынша тұтынушыға ақшасы қайтарылған.
Осыған ұқсас жағдай екінші бір азаматпен де болған. Ол да массаж жамылғысын 1 миллион теңгеге несиеге алған. Оның да шағымын қарағаннан кейін ақшасы қайтарылып берілген.
Мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін қазақстандықтарға келесі кеңестер берілді:
• қалаған тауардың бағасын дүкендерде және онлайн-платформаларда салыстырып қарау;
• келісімшарттың барлық тармақтарымен, әсіресе, ұсақ әріппен жазылған жерлерімен танысу;
• пайыздық мөлшерлемені, төлем мерзімін және қосымша төлемдер бар-жоғын нақтылау;
• кепілдік пен қайтару шарттарын тексеру.
«Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз, күтпестен, тиісті департаментке немесе уәкілетті органдарға жүгініңіз. Уақтылы шағым мен дұрыс рәсімделген құжаттар сіздің құқығыңызды қорғауға және келтірілген шығынды қайтаруға көмектеседі», – деп мәлімдеді тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті.