Жаңалықтар

Қазақстандық шенеуніктерге шетелдегі мүліктерін жасырын ұстау қиындайды

Қазақстандық лауазымды тұлғалар мен компаниялар үшін шетелдегі жылжымайтын мүлікті жасырын ұстау бұрынғыдан әлдеқайда қиын болмақ, деп жазады qandastar.kz сайты.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) халықаралық ақпарат алмасудың жаңа тетігін – IPI MCAA жүйесін енгізуге кірісті. Жобаға қазірдің өзінде 26 мемлекет қосылды.

Жаңа жүйе арқылы елдер бір-бірімен автоматты түрде төмендегі деректермен бөлісе бастайды:

  • жылжымайтын мүліктің нақты иесі;
  • объектінің нарықтық құны;
  • сатып алу-сату тарихы;
  • жалға беруден түсетін табыс;
  • мүлікке қатысты қосымша операциялар.

Осылайша, бұрын жабық саналып келген шетелдегі пәтерлер, виллалар, коммерциялық нысандар және басқа активтер туралы ақпарат енді толық дерлік ашық форматта қолжетімді болмақ.

Салық салу жөніндегі сарапшы Айдар Масатбаев бұл жаңалықтың маңызын былай түсіндіреді:

Қазірге дейін автоматты ақпарат алмасу тек банк есепшоттары мен криптоактивтерді қамтыды. Ал жылжымайтын мүлік деректері жабық болды. Сол себепті көптеген шенеуніктер мен бизнесмендер активтерін офшорлық компанияларға тіркеп, шетелдегі мүлікті жасыра алатын. Енді бұл схема айтарлықтай қиындайды, – дейді сарапшы.

IPI MCAA жүйесі толық іске қосылған кезде Қазақстан да өз азаматтарының шетелдегі жылжымайтын мүлкі туралы ақпаратты автоматты түрде алып отырады деп күтілуде. Бұл көлеңкелі капитал қозғалысын азайтып, заңсыз жолмен табылған активтерді жасыруды шектеуге бағытталған халықаралық бастама.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button